БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫН ӨТКІЗДІ
Ағымдағы жылдың 28 желтоқсан күні Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының кезекті Атқару комитетінің отырысы өтті. Оған облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Даупаев және облыстық кәсіподақ аппаратының бас маманы Марина Темірғалиева, БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова, Жоғары аграрлық – техникалық колледжінің басшысы Серік Мұхамбеталиев, Бөрлі аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Әсел Имашева және кәсіподақ аппаратының бас мамандары мен қалалық кәсіподақ филиалының төрағасы Төлеген Темешев қатысты.
Кәсіподақ төрағасы Марат Даупаев жыл бойына атқарылған облыстық кәсіподақ жұмыстарына тоқтала отырып, аудандық және қалалық кәсіподақ ұйымдарының жұмыстарын жетілдіру мәселелеріне кеңінен тоқталды. Заңды тіркеуден өткен аудандық және қалалық кәсіподақ комитеті – Филиалдарына Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Атқару комитетінің 2021 жылғы 9 желтоқсандағы № 14 6-т. Қаулысымен бекітілген Салалық кәсіподақ Кеңесінің 2022 жылға арналған Перспективалық жұмыс жоспары таныстырылып, кәсіподақтың жылдық жұмыстарын жоспарлауды тапсырды.
Сонымен қатар, алқылы жиында Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымына Ақжайық, Бөрлі, Бөкейордасы, Тасқала, Теректі, Жаңақала, Бәйтерек, Сырым аудандық білім бөлімдеріне қарасты білім беру мекемелерінің бастапқы әскери және технологиялық даярлықты ұйымдастырушы оқытушыларының «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәні бойынша лауазымдық айлықақы ғана төленіп, апталық жүктемеге сәйкес жалақыларының толық төленбей отырғаны туралы өтініштері және облыс көлемінде мектепке дейіңгі білім беру мекемелерінің кір жуғыш машиналарының операторларына сауықтыруға арналған жәрдемақы төленбей отырғаны туралы мәселелердің шешілу жолдары қаралды.
Ал, бас маман Марина Темірғалиева «Қалың қалай бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында аудандық бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен кездесу барысындағы кәсіподақ мүшелерінің жұмысшыларды медициналық тексерістен өткізу және мұғалімдерге коммуналдық көрсетілетін қызметтерге өтемақы төлеу жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.
Облыстық кәсіподақ ұйымының Атқару комитетінің отырысында күн тәртібінде қаралған мәселелер талқыланып, тиісті қаулылар қабылданды.
Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі