ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Жыл басында Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы мен «Еңбекші» салалық газеті жариялаған ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына арналған мақалалар байқауының нәтижесі қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды.
Газет бетінде бабалар армандаған егемендіктің мемлекетіміз бен ел тұрғындары үшін маңызын, кәсіподақтардың мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріндегі рөлі мен орнын айшықтайтын тақырыптарды ашу, кәсіподақтардың және кәсіподақ көшбасшылары мен мүшелерінің ел Тәуелсіздігін берік ете түсуге, нығайтуға қосқан ынтымақты әрекеті мен қызметінен хабар беретін, нақты деректер мен мәліметтерге негізделген жұмыстарын насихаттау мақсатында өткен байқауға 78 материал түсіп, оның 48-і редколлегияның шешімімен Қазылар алқасының қарауына ұсынылды.
Қазылар алқасының құрамында ардагер журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бекет Момынқұл, «Aulieata-Media» холдингі директорының орынбасары Алпамыс Қазыбаев, «Мұғалім жаршысы» облыстық газетінің бас редакторы Ғалиябану Үсенова, білім және ғылым қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков пен «Еңбекші» газетінің Бас редакторы Бейбіт Бекназаров болды.
- Байқауға мамандығы жазу-сызудан бөлек білім саласы қызметкерлерінің, сонымен бірге Желтоқсан оқиғасына қатысып, егемендікті жақындатқан аға-апаларымыздың белсенді атсалысқанын ерекше атап өтемін. Өкініш те жоқ емес, себебі интернеттен көшірілген материалдар да кездесті. Байқау ережесін дұрыс түсінбей тақырыптан ауытқып кеткен жұмыстар да болды. Қазылар алқасы барынша әділ болдық, - дейді қазылар алқасының мүшесі Алпамыс Шәменұлы.
Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде Т.Рысқұлов аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының педагогы, желтоқсаншы Гүлнәр Айымбековаға «Азаттық туын көтеріп» атты мақаласы үшін берілді.
- Материалды оқи отырып өзімді сонау 1986 жылдың 16-17 желтоқсан күндері Алматының алаңында жүргендей сезіндім. Өте керемет материал, шынайы жазылған дүние, әсерлі мақала. Оқыған адам селт етпей қоймайды. Қазылар алқасының даусыз, бірауызды шешімімен бас жүлдеге лайық деп танылды, - деп атап өтті жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков марапаттау рәсімінде.
Байқаудың І орнын Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиешісі Тұрсынкүл Пірманова иеленсе, ІІ орынды М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ-нің оқытушысы Бақытжан Мақашев пен Шу ауданы М.Әуезов атындағы орта мектебінің мұғалімі Айғаным Асқарбек иеленді.
Қазылар алқасының шемімімен ІІІ орынға бірден үш автор лайық деп танылды. Олар Жамбыл ауданы Шайқорық орта мектебінің мұғалімі, желтоқсаншы Мейрамкүл Айнабекова, Меркі ауданы №17 И.Трубицын мектеп-гимназиясының мұғалімі, «Үздік педагог-2020» республикалық байқауының жеңімпазы, «Құрмет» орденінің иегері Нагима Каймалакова мен Талас ауданы Қаратау орта мектебі директорының орынбасары Зеберкүл Шардарбекова. Барлық жеңімпаздарға Диплом мен бағалы сыйлық табыс етілді.
Сөз кезегінде байқаудың Бас жүлде иегері, желтоқсаншы Гүлнәр Айымбекова «Біз, желтоқсаншылар Тәуелсіздік күнін мейрам емес, басымыздан өткен қайғылы күн ретінде қарсы аламыз. Мен мақаламда өзім болған, бел ортасында жүрген оқиғаны ғана жаздым. Біздің 35 жылдық тарихымыз бар, Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отырғандықтан осы мақала арқылы даталы күнге өз үлесімді қосуды жөн көрдім. Желтоқсаншылар әлі де өз лайықты бағасын алған жоқ. Тіпті, мектептерде желтоқсан бұрышы да жоқ. Оны қойғызбайды да. Құрбым Ләззатпен бір бөлмеде жаттым, оның соңғы бейнесі әлі көз алдымда. Ойласам көзіме жас келеді. Тәуелсіздікке жеткеніміз осы желтоқсаншылардың арқасы. Енді ондай жағдай орын алмасын деп тілеймін. Бұл менің ғана емес, баршаңыздың тілегіңіз деп ойлаймын. Осындай байқау ұйымдастырып, ұстаздардың, желтоқсаншылардың мерейін өсірген кәсіподаққа алғыс айтамын» деп ағынан жарылды.
Жиын барысында «Кәсіподақ қызметі туралы үздік бейнеролик» республикалық байқауының «Креатив» номинациясын иеленген М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ аға оқытушысы Серік Баймедетов пен Байзақ ауданы Жаңатұрмыс орта мектебінің БКҰ төрайымы Гүлнұр Мейірбековаға құрмет көрсетіліп, Алғыс хат табысталды.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы
-
Фото
-