ТҰҒЫРЫҢ БИІК БОЛСЫН, ТӘУЕЛСІЗДІК!
Еліміз егемендіктің бесігінде тербелгеніне 30 жыл толды. Осы аз ғана уақытта Қазақстан етек-жеңін жиып, еңсесін тіктеді. Шаңырағы биік, керегесі кең мемлекеттердің біріне айналды. Мұның бәрі тәу етер тәуелсіздігіміздің арқасы!
Халқымыздың ең асыл, ең қастерлі мерекесінде Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы игі дәстүрді жалғастырып, әлеуметтік серіктестер, кәсіподақ көшбасшылары мен сала белсенділерін марапаттады.
"Тұғырың биік болсын, Тәуелсіздік!" атты салтанатты шараның шымылдығын салалық кәсіподақ төрайымы Раушан Серікова ашып, жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтады.
«Кәсіподақтар қозғалысы Тәуелсіздік жылдарында қоғаммен бірге түлеп, еңбек адамының беделі мен мәртебесін арттыруға бағытталған негізгі миссиясын орындауға күш жұмсап келе жатыр.
Міне, 2021 жылдың да бітуіне санаулы күндер қалды. Осы жылы ауқымды жобалар, ауыз толтырып айтар жетістіктер көп болды. 2021 жыл «Бастауыш кәсіподақ жылы» болып жарияланғаны белгілі.
Осыған орай ҚР Кәсіподақтар Федерациясының бастамасымен «30 Еңбек Елшісі» жобасы ұйымдастырылған болатын. Ел егемендігінің 30 жылдығына орайластарылыған жоба- жастарға берілген зор мүмкіндік деп білемін. Республикалық байқауға қатысуға 200-ге жуық өтінім келіп түскен. Осының арасынан комиссия мүшелері 30 жеңімпазды анықтады. Ақтөбе облысының педагогы үздік отыздыққа ілігіп, мерейімізді өсірді. Мәртөк ауданы, №1 Мәртөк жалпы білім беретін орта мектебі директорының оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары, бастауыш сынып, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Мұстафин Бауыржан Жұмабайұлы үздіктердің қатарынан көрінді.
Сондай-ақ, Әйтеке би ауданы, Қ.Шаңғытбаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының "Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы" республикалық байқау-конкурсының III орнын жеңіп алды.
Ортақ мақсат жолында ымыраласып, бірлесе әрі қарай да еңбек етеміз деп сенемін. Еңбек адамының құқықтарын қорғау, еңбек ұжымдарымен әлеуметтік әріптестікті қалыптастыру бағытында атқарып жатырған тынымсыз еңбектеріңізге табыс тілеймін»,-деді Р. Серікқызы.
Мерекелік шарада 100-ден астам кәсіподақ мүшесі Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы, облыстық кәсіподақ пен білім басқармасының бірлескен алғыс хатымен марапатталды.
Атап айтар болсақ, Әйтеке би ауданы, Талдысай орта мектебінің директоры, физика және информатика пәндерінің мұғалімі Сәулеш Біртаева, облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің меңгерушісі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлмира Нукеева, Мәртөк ауданы, №2 мектеп-гимназиясының директоры Бақытгүл Абдуллина «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болды.
Салтанатты жиында сондай-ақ, «Кәсіподақ қызметі туралы үздік бейнеролик» республикалық байқауының облыстық кезеңінің бас жүлде иегері, республикалық байқауда екінші орынға ие болған Мәртөк ауданы, №2 мектеп-гимназиясының бастауыш кәсіподақ ұйымына жүлдесі табыс етілді.
Барлық марапат иелеріне облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының тарапынан қаржылай қолдау көрсетілді. Үздік кәсіподақ мүшелеріне шипажайға жолдама табысталды.
Салалық кәсіподақтың Ақтөбе облыстық ұйымы