ЖАМБЫЛДЫҚ КӘСІПОДАҚТЫҢ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазіргі кәсіподақтардың қозғалыстары еңбеккерлердің жұмыс орнындағы құқықтары мен еңбек қауіпсіздігінің сақталуын, лайықты еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктер алуын қамтамасыз етеді. Біздің еліміздің кәсіподақтары еңбеккерлерге лайықты құрмет көрсетілетін жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруға ықпал етуде» деп кәсіподақ қызметінің мән-маңызын ашып берген болатын. Осы орайда, аймақта өз қызметінде нәтижелі көрсеткіштері бар білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы өткенді саралап, алдағы қызмет бағытын айқындау мақсатында облыстық ұйымның IV Пленумын өткізді.
Кәсіподақ құрылтайшылығындағы «Тараз-Профсоюз-Турист» кешенінің мәжіліс залында өткен мазмұнды шараға Пленум мүшелері мен жұмыс беруші өкілдері, үздік ұстаздар мен сала көшбасшылары қатысты. Алқалы жиында Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков «Кәсіподақтың жарғылық талаптарды орындау жағдайы және қоғамдағы рөлін күшейту мен еңбекшілердің сенімін нығайту міндеттері туралы» есепті баяндама жасады.
– Ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, осыдан 30 жыл бұрын азаттыққа қол жеткіздік. Басын бәйгеге тіккен кешегі жастардың ерлігі бүгінгі тәуелсіз еліміздің жарқын істерімен жалғасуда. Ендігі басты мұратымыз - азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау, - деп сөз бастаған Ерұлан Сәбенұлы Жергілікті кәсіподақтың бес жылдық межелі белестегі өкілеттік мерзімінің өткен тағы бір жылында атқарылған іргелі істерге тоқталды.
Кәсіподақ төрағасының ақпаратына сәйкес биыл Филиал мәртебесіндегі 13 құрылымдық бөлімшеге біріккен 796 бастауыш ұйымда 67 мыңнан аса сала өкілі есепке алынған облыстық ұйымның Атқару комитетінің 6 мәжілісі, 4 жұмысшы кеңесі өткен. Облыстық оқу-әдістемелік орталығымен 1 аймақаралық, 8 стационарлы, 11 көшпелі семинарлар мен кеңестер ұйымдастырылып, 2 мыңға жуық сала қызметкерлері мен жұмыс беруші өкілдері кәсіподақтық оқумен қамтылған. «Ең үздік бастауыш ұйым» облыстық байқауы, «Күшті бастауыш ұйым - қуатты кәсіподақ» атты ІІ облыстық форумы ұйымдастырылған. Оқу жылында білім беру ұйымдары мен озат ұстаздарды ынталандыру шарасына 6 млн.тг. кәсіподақ қаржысы бөлінген. 2020-2021 ж.ж. барлық түрдегі сауықтыру шараларымен 6225 сала өкілі мен олардың отбасы мүшесі қамтылып, оған 227.3 млн.тг. кәсіподақ қаржысы бағытталған. 2020 жылдан бастап әлеуметтік әріптестік Келісімдері мен ұжымдық шарттарға қосымша енгізу арқылы білім беру ұйымдарындағы кітапхана мен медицина қызметкерлерінің, есеп мамандарының жалақысын 15-50% ұлғайтуға мүмкіндік жасалған.
Күн тәртібіндегі негізгі баяндаманы талқылау барысында Байзақ ауданы №1 мектеп-гимназияның БКҰ төрағасы, АӘД пәнінің оқытушысы Болатбек Басықараев кәсіподақтың жұмысы тек мәдени және спорттық-сауықтыру іс-шараларынан тұрмайтынын, кәсіподақ мүшелерін құқықтық үйірме жұмыстарына қатыстырып, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру маңызды міндет екенін айта келе Алғашқы әскери даярлық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы неше уақыт жұмыс жасау керек, оның жалақасы қалай және неден құралады деген сұрақ түбегейлі шешілмей отырғандығын айтып, мәселенің оңтайлы шешілуіне күш салуға шақырды.
Ал Талас ауданы Д.Қонаев атындағы орта мектептің директоры Ғылым Әлімханов мазмұнды жасалған ұжымдық шарт басшылардың өз жұмысын заң талаптары негізінде жүргізуіне бірден-бір көмекші құжатқа айналғанын, көптеген түйінді мәселелерді шешуге септігін тигізіп отырғанын айтып, кәсіподақ ұйымына «Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың түрлері мен нысандарын және оларды беру қағидаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына өзгерістер енгізу туралы ұсынысын жеткізді. Жуалы ауданы №1 мектеп-гимназияның педагогы, «Үздік педагог-2021» облыстық байқауының жеңімпазы Самал Қадырова «Педагог мәртебесі туралы» Заңы ұстаздардың қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауда үлкен көмек болғанын, өзі де заңның барлық игілігін көріп отырғанын мақтанышпен бөлісті.
– Кәсіподақтар педагог мәртебесін көтеруді бірінші кезекте ұстаздардың жалақысын көтеруден бастау қажеттігіне екпін жасағаны жасырын емес. Себебі, жұмысы ауыр әрі жауапты бола тұра жалақысы ең төмен мамандық ұстаздық болғаны ақиқат. Мемлекет басшысының қолдауымен жыл сайын 25%-ға айлығым артып, ауылдық елді мекендегі жұмысым үшін 25% көтерме, магистр дәрежем үшін 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы, «шебер-педегог» санатыма 50% қосымша ақы, директордың 1 санатты орынбасары ретінде лауазымдық жалақымнан 100% қосымша ақы аламын. Еңбегімнің қайтарымы ретінде 8 авторлық бағдарлама жасадым. Республика көлемінде 2 олимпиада, 5 ғылыми жоба байқауының, 7 әр түрлі байқаулардың жеңімпаздарын даярладым, - деген Самал Орынбасарқызы білім беру жүйесіндегі реформалар мен сындарлы саясаттар, өзгерістер мен жаңалықтар әрбір педагогтың жаңа идеялармен, жаңа жүйемен жұмыс жасауына негіз болса екен дейді.
Жарыссөзді қорытындылаған Байзақ ауданы бойынша аймақтық құқықтық инспектор Ләззат Айтқұлова жергілікті кәсіподақтың сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау жұмысына тоқталып, 2010 жылдан бері қызмет жасап келе жатқан кәсіподақтық құқықтық инспекция заңгерлерінің араласуымен 2015 жылдан бергі экономикалық тиімділік 1 млрд. 328 млн. тг. қаржыны құрағанын жеткізді.
Алқалы жиын барысында кәсіподақтың облыстық комитетінің 2022 жылға арналған кіріс және шығыс сметасы бекітіліп, филиалдардан түскен ұсыныстар бойынша бірқатар азаматтар Пленум мүшелігінен шығарылып, орнына саланың өзге қызметкерлері сайланды.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткен жиын соңында Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков білім саласының дамуы мен кәсіподақ қозғалысының өркендеуіне қосқан үлесі үшін Мойынқұм ауданының білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев пен құқықтық инспектор Ләззат Айтқұлованы «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» күміс белгісімен, ал Жамбыл ауданы Абай атындағы орта мектебінің БКҰ төрағасы Сарсенбек Оспановты алтын белгісімен марапаттады. Бірнеше кәсіподақ қызметкерлері ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Марапаттау барысында Ерұлан Сәбенұлы ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институтының БКҰ төрағасы, аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасының аға ғылыми қызметкері Аслан Керимбаевты былтырғы пандемия кезіндегі жауапты қызметі үшін Алғыс хатпен марапаттап, құрмет көрсетті. Сондай-ақ, алқалы органның құрамында маңызды шешімдер қабылдап, азаматтық белсенділік танытқан барлық Пленум мүшелеріне де құрмет көрсетілді.
«Жамбыл облысының білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ
-
Фото
-