БІРІККЕН КОМИТЕТТІҢ ПЛЕНУМЫ ӨТТІ
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына бағынысты білім мекемелері мен ұйымдарының бастауыш кәсіподақ ұйымдары Жергілікті кәсіподақтың Біріккен комитетінің мүшелігінде. Жанболат Орынбеков төрағалық ететін филиал құрамында 40 бастауыш кәсіподақ ұйымы есепке алынып, 4000 жуық сала өкілі кәсіподақ мүшелігінде. Жуырда аталған филиалдың ІІІ Пленумы өтті.
Пленум жұмысына дейін облыстық кәсіподақ ұйымының бастамасымен «Еңбек және салалық заңнаманы, әлеуметтік әріптестік актілерін тәжірибеде қолданудың бірқатар сұрақтары» тақырыбында семинар ұйымдастырылып, семинардың соңын ала негізгі сұрақ ретінде облыстық білім басқармасы мен Біріккен комитет арасында 2021-2023 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісімнің орындалу барысы қаралған Пленум жұмысы басталды.
Алқалы жиында Филиал төрағасы Жанболат Орынбеков кәсіподақ мүшелерін құқықтық қорғау, әдістемелік көмек көрсету, еңбек қатынастары сұрақтары бойынша тегін заң кеңестерін беру мен сала үздіктерін марапаттау сынды шаралар күн тәртібінен түспейтініне тоқталып, нақты мысалдар келтірді. Соның бірі, облыстық білім басқармасы мен кәсіподақ өкілдерінен білім беру ұйымдары мен қызметкерлер арасында туындаған еңбек дауларын шешу құзыреттілігі бар келісу комиссиясының жұмысы. Есепті мерзімде комиссия қарауында Жаңатас көпсалалы колледжіне №5 Жаңатас колледжін қосу жолымен қайта ұйымдастыруда колледждің қызметкерлеріне қатысты мәселе, сондай-ақ, №2 Қаратау колледжін Қаратау құрылыс-техникалық колледжіне қосу жолымен қайта ұйымдастыру немесе Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің жұмыскерлері қысқаруға ұшыраған жағдайда комиссия заң аясында шешімдер қабылданғандығын атап өтті.
Жиында Филиал мүшелігіндегі 86 сала қызметкері Ыстық көл, Алакөл жағалауында, 320 кәсіподақ мүшесі Түркістан қаласына саяхатқа барғаны, 77 қызметкер ел аумағындағы шипажайларда сауықтыру шараларымен қамтылғаны айтылды.
Филиалдың ұжымдық шарт талаптарын орындау бойынша нәтижелі жұмысын жарыссөзге шыққан №3 Байзақ колледжінің директоры Мухит Нысанбаев пен Жаңатас көпсалалы колледжінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айнұр Есболаева өз баяндамаларында нақты мысалдармен атап өтті. Облыстық ұйымның кадр жөніндегі бас маманы Әлия Джолшибекова сала қызметкерлерін құқықтық қорғау жұмысына тоқталды.
Алқалы жиында Филиалға кәсіподақ жарналарының түсуі мен жұмсалуына бақылау жасайтын қаржы-бақылау комиссиясының төрайымы Алтынай Алмабекова баяндама жасап, қаражаттың мақсатты жұмсалып жатқандығын жеткізді. Жиын қатысушыларының назарына Біріккен комитеттің 2022 жылға арналған кіріс-шығыс сметасы ұсынылып, бірауыздан қабылданды. Басқосуда көтерілген мәселелер бойынша Қаулы қабылданды.
Шара соңында Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков білім саласының дамуы мен кәсіподақ қозғалысының өркендеуіне қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтарды марапаттады.
«Жамбыл облысының білім және ғылым
қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ
қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ