САРЫСУДАҒЫ САЛТАНАТТЫ ШАРА
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Сарысу аудандық комитетінің кезекті ІV Пленумында аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподағы арасында жасалған Ұжымдық шарттың орындалу барысы талқыланды. Әлеуметтік әріптестік туралы Ұжымдық шарт өңірдегі 48 білім беру мекемесінде қызмет жасайтын 1941 педагог пен өзге де сала қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғап отыр. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлдана Кабулова айтты.
Ауданда ұлттық біліктілік тестінен өткен және бастауыш, негізгі және жалпы орта білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын мұғалімдерге педагогикалық шеберлік біліктілігі үшін 515 млн. аса қаражат төленуде. Ал жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқу процесін іске асыратын білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне қосымша 30% мөлшерінде ақы төлеу үшін республикалық бюджет есебінен 707 млн 519 мың теңге бөлініп, игерілуде. Әрбір жұмыс беруші мекеме әкімшілігі мен кәсіподақ ұйымы атынан сайланған өкілетті техникалық инспекторлары арқылы еңбек қорғау ережелері мен нормаларының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізеді. Аудан мектептерінде жұмыс істейтін 162 пән бірлестігі жетекшілерінің базалық айлықтарына 25 пайыздық қосымша ақы төленіп отыр. Ауылдық жерде тұратын педагогтарға жергілікті бюджет есебінен 25 пайыздық үстемақы, үйден оқитын балалармен жұмыс істегені үшін 40% пайыздық үстемақы, мектептердегі 317 аттестацияланған кабинеттер үшін 20% қосымша үстемақы төленіп отырғанын білім бөлімінің өкілі баяндап берді.
Аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлмира Сұлтанбекова Ұжымдық шарт аясында сала қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін арттыру, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы іс-шараларға тоқталды. Күн тәртібіндегі негізгі баяндаманы талқылау барысында Кәсіподақтың аймақтық құқықтық инспекторы Мәулен Әбдіров есепті баяндама жасады. Инспектордың мәліметі бойынша жыл басынан кәсіподақ мүшелері тарапынан 12 арыз-шағым түскен. Еңбек заңдылығының сақталуын бақылау бойынша жүргізілген 14 тексерістің нәтижесінде еңбек заңдылығының бұзылуы бойынша 103 факті анықталған. Есепті кезеңде 8 кәсіподақтық семинар, 1 «дөңгелек үстел» ұйымдастырылған.
Сөз кезегінде Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының директоры Нурбибі Қамбарбаева, Абылай хан атындағы мектеп-лицейінің Өндірістік кеңес төрайымы Фатима Бейсекеева білім мекемелері мен ондағы сала қызметкерлерінің тиімді әр тұрақты жұмыс істеуі үшін Ұжымдық шартта көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруда ауқымды жұмыс атқарылып жатқандығын жеткізді.
Салтанатты жиын соңында кәсіподақ қозғалысының дамуы мен өркендеуіне қосқан жеке үлесі үшін бірнеше мекеме басшылары мен кәсіподақ жетекшілері Салалық кәсіподақтың, кәсіподақтар бірлестігі мен кәсіподақтың облыстық ұйымының Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, 1986 жылдың желтоқсанында қаһарлы империядан сескенбей Кеңес билігіне наразылық көрсетіп алаңға шыққан, азаттыққа ұмтылған кешегі жас, бүгінде білім саласында қажырлы еңбек етіп жүрген бірнеше ұстаздарға мерекеге орай шипажайға жолдама берілді.
Пленум жұмысына дейін өткен облыстық кәсіподақ ұйымының оқу орталығы ұйымдастырған «Еңбек және салалық заңнаманы, әлеуметтік әріптестік актілерін тәжірибеде қолданудың бірқатар сұрақтары» тақырыбындағы көшпелі семинарда Жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков пен кәсіподақтың құқықтық қызмет басшысы Берік Баймағамбетов бөліскен ақпараттардан кейін саладағы түйткілді мәселелер мен еңбек заңнамасына байланысты сұрақ-жауап сағаты өтті.
П.Бақыт,
Жамбыл облысы.
-
Фото
-