АРҚАДАҒЫ АЙТУЛЫ БІЛІМ ШАҢЫРАҒЫНА – 90 ЖЫЛ:
Онлайн ғылыми-тәжірибелік конференция
Ежелден қазақ даласының інжу-маржаны атанған қасиетті Қарқаралы жері білімнің мекені. Қаздауысты Қазыбек би, шертпе күйдің атасы Тәттімбет, Алаштың алғашқы қарлығаштары Әлімхан Ермеков пен Әлихан Бөкейханов, күрескер әнші Мәди, дауылпаз ақын Қасымдай біртуар ірі тұлғаларды өмірге әкелген топырақта орын тепкен, киелі білімнің бесігін тербетіп, талайға таңдай қақтырған, бүгінде ордалы қара шаңыраққа айналған 90 жылдық тарихы бар Қарқаралы Зооветтехникумының алғашқы іргетасы 1931 жылы бір жылдық мал өсірушілер мектебі болып қалыптасты. Осыған орай, білім ордасы онлайн ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Бүгінгі таңда 14 мыңдай ауылшаруашылық мамандарын даярлап, ел экономикасының өркендеуіне өз үлесін қосып келе жатқан Арқаның айтулы оқу орнының тарихы тереңге бойлайды. Талай шәкіртке қанат қақтырып, сан ақынға жыр жолдарын жаздырған, аудан, облыс көлемінде ғана емес, республика көлеміне танымал бірден-бір оқу орнының білім әлемінде ойып алар орны бар.
Кезінде Қарқаралы қаласының Құрметті азаматы, қарт журналист Мақсым Омарбеков:
Сан жылдық тарихы – шежіре дер,
Шежірені шертетін кезі келер.
Қарқаралы зооветін бүгінгі күн,
Кең байтақ Қазақстан елі білер.
Жарқырайды атағы шын асылдай,
Қалар ма екен мұндайда жыр шашылмай.
Қанша маман бітірген талай жылғы,
Техникум алтын бір ұясындай,
-деп жалынды жыр-жолдарын арнаған оқу орнының 90 жылдық мерейлі мерекесі асқақ Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келді.
Қазан айының 15 жұлдызында оқу орны өзінің 90 жылдық мерейлі мерекесін «Ауыл шаруашылығын дамытудың және ауылға арналған мамандар даярлаудың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын қашықтан (онлайн) атап өтті. Колледжде қызмет істеп, бүгінгі таңда құрметті зейнеткер болып отырған директорлар, оқытушылар қызметкерлер, түлектер, және колледждің студенттері конференцияны қашықтан көріп отырды. Сондай-ақ, арнайы шақырылған қонақтар Кәсіптік техникалық училищенің директоры болған Түгелбаев Сағат Оғызұлы, аға оқу-өндірістік шебері Искаков Қапыш Спанұлы және колледжде 40 жылға жуық уақытын өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие берген жоғары санатты оқытушы, ұзақ жылдар бойы күндізгі оқу бөлімінің меңгерушісі болып зейнеткерлікке шыққан Мырсамыкова Гүлжиһан Әменқызы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, жоғары санатты оқытушы – әдіскер Байжұманова Рымкүл Іңкәрбекқызы, жоғары санатты информатика пәнінің оқытушысы Апсалямова Сәния Бақиқызы, «Қазақстан спортына сіңірген еңбегі үшін құрмет белгісінің» иегері, дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы Нәрікбаев Қанапия Сейітқалиұлы, арнайы пәндердің оқытушылары Мусин Ғабиден Сапарғалиұлы, Хамитов Бейбітшіл Төлеуханұлы, Жақтыбаева Татьяна Түсіпқызы, Баукенова Нағима Баукенқызы, Батталова Нұрсұлу Ысқаққызы, Талдыбаев Хосман Ахметжанұлы қонақ ретінде дәстүрлі түрде шақырылды.
Конференцияның мақсаты - Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығын дамытудың тәжірибесін, Республика Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында ауыл шаруашылығын дамытудың және ауылға арналған мамандар даярлаудың өзекті мәселелері жан-жақты талданып қорытынды жасалды.
Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлы Қарағанды облысы әкімінің және облыстық мәслихат хатшысының құттықтықтауларын жеткізе келе, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы техникумның талай-талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешіре отырып, бүгінгі таңда жеткен жетістіктеріне және оқу орнынан республикаға танымал азаматтардың білім алып, қияға қанат қағып ұшқандарына тоқталып өтті. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы Қарағанды облыстық ұйымының басшысы Татьяна Филипповна Самойлюк өңірдегі ауылшаруашылық мамандарын даярлайтын бірден-бір оқу орны екенін айтып өтті. Оқу ордасының білім саласында алар орны үлкен екенін тілге тиек ете отырып, құттықтау сөзі мен жылы лебізін марапаттаулармен жеткізді.
Мыңжасар Әдекенов атындағы Қарқаралы ауылшаруашылық колледжінің директоры Оспанов Саят Қайратұлы «Тарихы терең білім ордасы» тақырыбында баяндама жасап, оқу орнының 90 жыл ішіндегі терең тарихын, жеткен жетістігін, ағалар салған даңғайыр сара жолдың ізін жалғастырып, егеменді еліміздің өсіп-өркендеп келе жатқан ұрпағының ойлы да іскер, жігерлі әрі батыл, өз-өзіне сенімді, интеллектуалдық деңгейлері биік, дүниетанымдары дұрыс қалыптасқан, еліміздің гүлденуіне өз үлестерін қосатын, саналы азаматтардың тәрбиеленіп отырғанын ерекше айтып өтті. Оқу орны еліміздің сұранысындағы мамандықтарды даярлауда жемісті еңбек етіп, талай жеңістерге талмай жетіп, биік-биік белестерді бағындырып, ел абыройын асқақтатып, өз кезінде де, бүгін де жақсы атымен танылып жүргеніне тоқталып өтті.
«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес аймақтағы ауыл шаруашылығының даму перспективалары» тақырыбында Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бошпанов Сырым Бейсебайұлы баяндама жасап, ауылшаруашылығының бүгінгі таңда алда тұрған өзекті мәселелеріне тоқталып өтті.
«Жануарлардың жұқпалы ауруларының қаупін бағалау мен болжауда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану» тақырыбында С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің деканы, б.ғ.д., профессор Сәрсембай Қадырұлы Әбдірахманов жан-жақты баяндама жасап, тың мәліметтерді көрсетіп өтті.
«Тамақ және қайта өңдеу саласында жаңа буынның инновациялық, биоэкологиялық өнімдерін әзірлеу және олардың қазіргі жағдайдағы маңыздылығы» тақырыбында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, тамақ өнеркәсібі және қайта өңдеу ҒЗИ профессоры Мәсімжан Тұрсынұлы Велямов баяндама жасап, өз ойын ортаға салды.
«Мал шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі» тақырыбында Ветеринария ғылымдарының докторы, Шәкәрім атындағы университеттің профессоры Серғазы Тұрлыбекұлы Дүйсембаев баяндама жасап, көптеген тың мәліметтерді айтып өтті.
«Қазақстан Республикасындағы тамақ қауіпсіздігінің жағдайы туралы» С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ветеринарлық санитария кафедрасының профессоры, биология ғылымдарының докторы Балғабай Садепұлы Майқанов, «Worldskills қозғалысы жағдайларында колледждің дамуы» тақырында Ақмола облысы білім басқармасы жанындағы Қатаркөл ауыл шаруашылығы колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Лилия Галиевна Домбровская және «Ауыл шаруашылығы мамандарын даярлаудың өзекті мәселелері және оларды шешу жолдары» тақырыбында Құлан жоғары агротехникалық колледжінің директоры Олжас Нұрланұлы Мұсақұлов баяндама жасап, оқу орындарында ауылшаруашылығының мамандарын даярлау барысында алда тұрған өзекті мәселелерді айтып өтті. Конференция барысында жасалған барлық баяндамалар көптің көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, болашақта өз мамандықтарына деген қызығушылықтарын оятып, оң нәтиже берері сөзсіз. Жан-жақты жасалған баяндамаларды тыңдай отырып, «Қарағанды фармацевтикалық зауыты» ҚР Ұлттық ғылыми академиясының академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Серғазы Мыңжасар Әдекенов оқу орнының мерейлі мерекесін өткізу барысында атқарылған жұмыстар мен конференцияда оқылған баяндамаларға ерекше тоқталып, ризашылығын білдіре отырып, алғыс айтып, баяндамалардың басын біріктіріп, жинақ шығару туралы ұсыныс айтты.
Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның соңы марапаттаулармен жалғасын тапты. Қарағанды облысы әкімінің «Құрмет» грамотасымен Бейсенаев Бейбіт Бекмағанбетұлы мен Даурықбаев Баян Төлеуұлы, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен Мұқанов Қанат Мұканұлы, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының Қарағанды облысының ұйымының Құрмет грамотасымен Кизкин Асқар Саулебайұлы, Мұздыбаева Салтанат Маратқызы, Рогов Тимофей Русланович және «Алғыс» хатымен Абикеев Ахметбек Қабышұлы мен Төлеубекова Ләззат Мұхтарбекқызы марапатталды. Қарқаралы ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен Мерсалимов Мұрат Жәмелұлы мен Яцыщина Галина Михайловна марапатталды. Мыңжасар Әдекенов атындағы Қарқаралы ауылшаруашылық колледжі директорының Алғыс хатымен Апсалямова Сания Бақиқызы, Байжуманова Рымкүл Іңкарбекқызы, Бариева Мухтарима Әнуарбекқызы, Батталова Нұрсұлу Ысқаққызы, Баукенова Нағима Баукенқызы, Дюсембаева Батима Әбдікәрімқызы, Жақтыбаева Татьяна Түсіпқызы, Илькива Беғайша Мұхаметқалиқызы, Искаков Қапыш Спанұлы, Казиева Тілеужан Қазиқызы, Мұканов Қанат Мұқанұлы, Мусин Қабиден Сапарғалиұлы, Мырсамыкова Гүлжихан Әменқызы, Нарикбаев Қанапия Сейәтқалиұлы, Талдыбаев Хосман Ахметжанұлы, Түгелбаев Сағат Оғызұлы, Түсіпова Бағдат Ахметбекұлы, Хамитов Бейбітшіл Төлеуханұлы марапатталды.
Ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысы да, данасы да, ғалымы да, еңбекқор егіншісі де, кеншісі де ұстаздың алдынан шығады. Оқытушылардың жас ұрпақтың санасына сыналай енгізетін тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге ештеңемен өлшеуге келмейтіні белгілі. Жастардың келешегіне жол сілтеп, болашаққа нық сеніммен қарайтын мамандарды оқытып, тәрбиелеу әрбір оқытушының басты парызы! Уақыт талабына сай білім мазмұнын жаңарту – бүгінгі күннің міндеті. Жек тұлғаны тәрбиелейтін жаңашыл ұстаз жүрек жылуын, адамгершілік қасиетін балаға бірдей беру қажет. Оларды бәсекеге қабілетті, ой-өрістері кең, жан дүниелері бай, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай алатын, басқаның пікірімен санасатын, жауапкершілік сезімі жоғары, қоғамда өз орны бар, іскер, жеке тұлға ретінде тануымыз керек. Сондықтан, мәдениеті жоғары ХХІ ғасыр адамын қалыптастыру мен білім беру ісін ізгілендіру қажеттілігі оқу орны мен қоғамның алдында үлкен мәселелерді алға қойып отыр.
Білімнің нәрімен сусындап, қияға қанат қағып ұшып шыққан колледж түлектері еліміздің түкпір-түкпірінде білімдерін жалғастырса, біреулері еліміздің өркендеуіне өз үлестестерін қосып, мамандықтары бойынша еңбекке араласып отырғандары, әрине, бізді қуантады. Абай атамыз: «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» деген екен. Олай болса бізден білім алып отырған әрбір жас ілім-білім жинауға қашанда асығып, тәуелсіз еліміздің игілігі жолында алған білімдерін ел игілігіне жаратып, болашақта озық ойлы, өрісі кең, өрелі азаматтар мен азаматшаларға айналсын! Зерделі жасқа білімнің кенін қаздыру жолында оқытушылар қауымына сәттілік тілейміз!
С.Оспанов,
Мыңжасар Әдекенов атындағы
Қарқаралы ауылшаруашылық
колледжінің директоры.Қарағанды облысы
-
Фото
-