10 ҚАЗАН - ҚАЗАҚСТАН КӘСІПОДАҚТАРЫ КҮНІ
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының бастамасымен Кәсіподақтар күніне арналған шаралар легі «Тәуелсіздік – ең басты құндылық» ұранымен бір аптаға жоспарланды. Айта кету керек, аймақтық кәсіподақтың барлық кәсіподақ ұйымдары шараларды ұйымдастыру мен өткізуге бір кісідей атсалысты. Соның нәтижесінде межеленген жұмыстар жоғары деңгейде өтіп, кәсіподақ мүшелерінің көңілінен шықты.
ҰЛЫТАУДА – ЖАҢА ТӨРАҒА
Ұлытау аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының есептік-сайлау конференциясы өтті. Конференция жұмысына Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Марат Қоңырбаев пен аудандық білім бөлімі басшысы Бағдат Әбдірайымов, сондай-ақ мектеп, балабақша директорлары және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Күн тәртібіне шығарылған аудандық кәсіподақ комитетінің, тексеру комиссиясының атқарған жұмысы туралы есебі тыңдалған соң, ашық дауыс беру тәртібімен Ұлытау аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы сайланды. Аталған лауазымға ұсынылған екі кандидатураның ішінен делегаттар бірауыздан Қанат Жылқыбаевты лайықты деп таныды.
Қанат Сәбиғазыұлы 1987 жылы Ұлытау ауданында туған. Жоғары білімді. 2008 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және спорт факультетін аяқтаған. Еңбек жолын балалар мен жеткіншектер спорт мектебінің жаттықтырушысы болып бастаған. Қатардағы мұғалімнен №1 тірек мектебінің директорына дейінгі қызметке абыроймен жеткен Қанат Жылқыбаевтың жинақтаған тәжірибесі аудан ұстаздарының құқығы мен мүдделерін қорғауға жететіні анық.
Алқалы жиында Қанат Жылқыбаев жас та болса өзіне жүктелген жауапкершілігі зор міндетті ойдағыдай орындайтынына сенім білдірген төраға Марат Сейілбекұлы кәсіподақ қызметін дамытуға үлес қосқан Сәбиғазы Әзмахымұлын «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» белгісімен, Бағдат Қабденұлын Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасымен марапаттады.
КӘСІПОДАҚ: ЖАСТАРҒА – МОЛ МҮМКІНДІК
10 қазан – Қазақстанның кәсіптік одақтары күні қарсаңында біздің қатарымыз жастармен толықты. Биыл 55 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған қара шаңырақ Жезқазған гуманитарлық колледжінің студенттері кәсіподақ құрамына салтанатты түрде қабылданды. Болашақ ұстаздарға кәсіподақтың міндеті мен мақсаттарын түсіндірген Медет Ерназаров:
– Бүгінде біздің кәсіподаққа мүшелік ететін 23 мыңнан аса адамның 25 пайызы – өздеріңіздей жастар. Сондықтан, біз биіктерді бағындырудан талмайтын жас буын – әріптестеріміз үшін түрлі қоғамдық, мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырамыз. Сонымен бірге, мұғалім мамандығын таңдаған студенттерді ынталандырып, демеушілік жасауды да жолға қойдық. Мысалы, өткен жылы кәсіподақ тарапынан 9 студентке материалдық көмек көрсетілді, жылына екі рет белсенді жастарға шәкіртақы тағайындалды және оқу семестрінің соңында 4 студент қомақты қаржымен ынталандырылды. Кәсіподақ шәкіртақысының көлемі мемлекеттік шәкіртақының пайызын құрайды. Осы оқу семестрінде Сіздер оқитын білім ордасының бір студенті аталмыш шәкіртақының иегері атанып отыр, – дей келе жастарға кәсіподақ билетін тапсырды.
Кездесу соңында студенттердің ұсынысы бойынша Жезқазған гуманитарлық колледжінің студенттік кәсіподақ ұйымы төрайымы болып Злиха Бақтыбайқызы сайланды. Білім ордасының бастауыш мектеп тобында білім алып жүрген Злиха оқуда да, қоғамдық жұмыстарда да көш басында.
Айта кету керек, кәсіптік одаққа мүшелік ету колледж студенттерінің мүмкіндіктері аясын кеңейтеді. Енді студенттік кәсіподақ ұйымы қоғамдық-мәдени шараларды ұйымдастырумен қатар мүшелерінің түрлі мәселелерін шешуге атсалысады.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қатарын толықтырған жастарды құттықтай отырып, серіктестерімізге алғыс білдіреміз.
ТАРТЫСТЫ ТУРНИР
Бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Жезқазған аумақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының бастамасымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында 10 қазан - Қазақстан кәсіптік одақтарының күніне орай шахмат және тоғызқұмалақ турнирі ұйымдастырылды.
Ойшылдардың басын қосқан турнирдің алғашқысы кеншілер қаласында өтті. Оның ашылу салтанатында Сәтбаев қалалық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы төрайымы Гұлнар Жұмабекқызы сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. №16 жалпы білім беретін орта мектеп қабырғасында өткен тартысты ойынға Владимир Князюк пен Марғұлан Кутеев төрелік етті.
Жүзден жүйрік шыққандарды марапаттау салтанатына қатысқан Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты Қайрат Смайлов спортты жанына серік еткен ұстаздар қауымына ақ жарма ақ тілегін білдірді.
Ұлттық ойын – тоғызқұмалақтың қорытындысы бойынша ерлер арасында І орынды Азамат Утембаев, ІІ орынды Мейіржан Сариев, ІІІ орынды Серік Жұматаев жеңсе, әйелдер арасында Ақерке Әріпбаева, Айжан Әбілхасымова Гүлжамал Жалбырова топ жарды.
Ой ұшқырлығын шыңдайтын шахмат ойынында ер мұғалімдердің арасынан Әмірхан Сүлейменов, Жандос Дүкенбай, Мұрат Туенбаев суырылып шықса, нәзік жандылар арасында алтынды Айнагүл Базарбаева, күмісті Шахзода Шерматова, қола жүлдені Арай Оспанова қанжығасына байлады.
Тоғызқұмалақ пен шахмат ойындарының турнирі Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағына қарасты 4 қала (Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Қаражал) мен 4 (Ұлытау, Жаңаарқа, Ақтоғай мен Шет) аудан да өткенін еске сала кетейік. Жезқазған қаласындағы №21 орта мектепте байрағын көтерген турнирге кіл мықтылар жиналды. Намысты қолдан бермей, жеңіске деген жігерімен дараланғандарды марапаттау салтанатына Жезқазған қаласы білім бөлімінің басшысы Жеңіс Әлмағанбетов арнайы келді. Мысты өлкенің бас педагогі білім қызметкерлерінің кәсіподағы еңбек адамының мүддесін қорғаумен қатар игі бастамаларды қолға алатынын тілге тиек етіп, Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Марат Қоңырбаев пен қалалық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрайымы Ляззат Күнеділоваға алғысын білдірді.
Турнирндің қорытындысы бойынша жеңіс тұғырынан көрінген шахматшылар Шыңғыс Омаров, Азамат Өтегенов, Динар Әбжаппар, Любовь Муренко, Толғанай Әжібаева мен Айжан Наурызбаева, тоғызқұмалақ ойынында оза шыққан Сағындық Тлеубаев, Еламан Серік, Мұхаммед Төлешов, Нұргүл Яхия, Мөлдір Марат пен Татьяна Арысова бағалы сыйлыққа ие болды.
Мұғалімдерді күнделікті күйбең тірліктен бір серпілткен жарыстан марапатсыз қайтқан адам кемде-кем. Өйткені, ұйымдастырушылар тарапынан түрлі номинация бойынша ынталандыру сыйлықтары табысталды.
ДҮБІРЛІ ДОП ДОДАСЫ
Ұстаздар арасындағы әріптестік пен бірлікті нығайту мақсатында Жаңаарқа аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы интелектуальды ойын турнирінен бөлек волейболдан жарыс өткізді. Дүбірлі додаға ауданға қарасты барлық ауылдық мектептердің ұжымдары қатысуға ниет білдіріпті.
Жарыс барысында ала допты алақанда ойнатқан ерлер мен әйелдерден құралған барлығы 12 топ кәсіподақ кубогін сарапқа салды. Бабы мен бағы келіскен құрама командаларының волейболшылары кәсіби шеберлік танытып, ойын өрнегімен көзге түсті. Атап айтқанда ойыншылардың арасында ұпай салу әдісімен ерекшеленген Жанар Майлина, Қылыш Жүкенов (Жаңаарқа кенті), Еркебұлан Карин (Бидайық ауылы) доп додасы мәреге жеткенше көрермендер көзайымына айналды.
«Бұл жарыс салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар бүгінгінің ұстаздары тек білікті маман ғана емес, сонымен бірге сайыпқыран спортшы екенін көрсетті», – деген Жаңаарқа аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Оразхан Мұхамеджанов Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының мұрындық болуымен ұйымдастырылған тартысқа толы сайыстың жеңімпаздарын марапаттады.
Сөре бар жерде, мәре бар. Әйелдер арасында қатысқан бес команданың ішінен дара шыққан, О.Жұмабеков атындағы жалпы білім беретін мектептің құрамасы жүлделі І орынды еншіледі. ІІ орын Ынтымақ жалпы білім беретін мектебінің намысын қорғаған ұстаздар командасы қанжыласа, ІІІ орынды №132 жалпы білім беретін орта мектептің командасы қанағат тұтты.
Ерлер арасындағы ойында үздік шыққандардың қатарында Б.Амалбеков атындағы орта мектептің командасы бар. Қарсыластарын ойсырата жеңген бұл команда алтыннан медаль тағынса, күміс жүлде – Ынтымақ орта мектебінің командасында. Қола жүлде №132 жалпы білім беретін орта мектептің командасына бұйырды.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің
жергілікті кәсіптік одағының баспасөз-қызметі
жергілікті кәсіптік одағының баспасөз-қызметі
-
Фото
-