Алматы облысының білім кәсіподағы: Жаңару мен жаңғыру жолында
Кәсіподақтар – еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың бірі, – дейді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Адамды адам ететін еңбек. Тынымсыз ізденістің нәтижесі білікті маман болуға жол ашады. Оған жету жолында көптеген қиындықтар кездесері анық. Кедергілерді еңсеріп, еңбек адамының мүддесін қорғауда кәсіподақтың орны ерекше. Жұмыскерлерге еркіндік беріп, еңбексүйгіш, өз ісінің маманы болуға жағдай жасау «Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұранына айналды. Сала қызметкерлеріне қолдау танытып, жан-жақты жұмыс істеуіне ықпал етіп, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы келісімдерді жүргізіп, еңбек адамының құқығын қорғауда, еңбек қатынастары және одан туындайтын басқа да мәселелерді шешу жолында аянбай қызмет атқарады.
Ұйым құрылымы:Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы – 7 аудандық, 2 қалалық және жоғарғы оқу орынындағы филиалын, 428 бастауыш кәсіподақ ұйымын құрамына біріктіріп, 27 мыңнан астам мүшесінің құқығын қорғау жолында бірқатар жұмыстарды жүйеледі. Кәсіподаққа қызметкерлерді тарту жөніндегі жұмысты күшейту, статистикалық есептер сапасын жақсарту мақсатында және «Цифрлы кәсіподақ» платформасы аясында кәсіподақ мүшелерінің бірыңғай электронды базасы жасақталды.
Мэлс ҚұлмұханұлыТӨЛЕПБЕРГЕНОВ– 1971 жылы 19 қаңтарда Алматы облысы Көксу ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. 1993 жылдан бері кәсіподақ мүшесі. 2002-2018 жылдар аралығында білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Талдықорған аумақтық ұйымының маманы, жетекші маманы, еңбек қауіпсіздігі бойынша бас маманы, ал 2018-2020 жылдары облыстық ұйымның Талдықорған қалалық филиалының төрағасы болды. 2020 жылдың 11 қыркүйегінде өткен ХVIII Конференциясында Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы лауазымына сайланды. Кәсіби біліктілігі, өңірде кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан үлесі үшін М.Төлепбергенов «Қазақстандық салалық білім және қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» (2015 ж.) Белгісімен, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен (2019 ж.), «Қазақстандық салалық білім және қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына айрықша сіңірген еңбегі үшін» (2021 ж.) белгісімен марапатталған. |
Алматы облыстық ұйымының Атқару комитеті мен мүшелік ұйымдары білім беру мекемелерімен бірге мемлекет Басшысының тапсырмаларын, ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңын, білім сапасын арттыруға бағытталған бағдарламаларды іске асыруға белсенді қатысып, сала қызметкерлерінің әлеуметтік – экономикалық құқықтарын қорғау жолында еңбек етуде.
Әлеуметтік әріптестік туралы Келісім:Тұрақтылықты тірегіне айналдырып, қатарына қосылған кез келген адамның мүддесін қызғыштай қорғап, жұмысшы дәрежесіне шаң жуытпай, жұмыс берушінің мысын басатын кәсіподақ ұйымы білім саласындағы қызметкерлердің мәртебесін арттыру үшін Алматы облыстық білім басқармасымен 2021-2023 жылдарға арналған екіжақты Келісім жасасып, қос тараптың өкілдері пандемия кезінде туындаған мәселелерді шешуге уағдаласты.
Нақтырақ айтсақ, кәсіподақ тарапынан берілген марапаттары мен наградалары ұстаздарды аттестаттау кезінде назарға алынып, медициналық қызметкерлер, кітапханашылар, әдістемелік бірлестіктерінің басшылары, бас бухгалтерлерге қосымша демалыс уақыты қарастырылды. Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен аумақтарда жұмыс жасайтын білім беру ұйымдарының, соның ішінде жоғары оқу орындарының қызметкерлеріне, олардың экологиялық куәліктері болуына қарамастан қосымша ақы төленетін болды. Маңызды құжат барлық кәсіподақ филиалдары мен бастауыш ұйымдарында қайтадан жасалып, әлеуметтік әріптестік туралы Келісім және ұжымдық шарт деген атаумен Еңбек инспекциясынан тіркеуден өтті.
Құқықтық жұмыстар:Кәсіподақ ұйымы өз мүшелерінің құқығын қорғау үшін мақсатты жұмыс істеуде. Түскен арыз-шағымдардың қаралуы мен шешілу жолдарын саралап, мүмкіндіктерді барынша пайдаланды. Алматы облыстық кәсіподақ ұйымы ұстаздар арасында көптен бері көтерілген түйткілді дүниеге нүкте қойды. Еңбек адамының әлеуметтік жағынан жақсарту жолында ұстаздардың медициналық тексеруден тегін өткізу мәселесін көтеріп, жергілікті бюджеттен қаржы бөлгізіп, оң шешілуіне ықпал етті.
Ел сеніміне ие болған кәсіподақ ұйымына 2021 жыл басынан бері 265 өтініш түскен. Онда еңбекақыны төлеу және есептеу, бала күтіміне байланысты демалыс, жеке еңбек дауларын қарау, білім беру мекемелеріндегі кітапханашылардың, медициналық қызметкерлердің еңбекақысын көтеру, әлеуметтік әріптестіктің қолданылуы, ұжымдық шарттың орындалу барысы туралы мәселелер тіркелген. Жоғарыда аталған сұрақтардың 88% оңтайлы шешіліп, тиісті құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кәсіподақ белсенділерінің бірлігін нығайту, көшбасшыларының жауапкершілігі мен беделін арттыру және әдістемелік көмек көрсету мақсатында оқыту – семинарлары тұрақты өткізілді. Құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған жұмыстың нәтижесінде педагогтер арасында өткен жылдан қарағанда арызданушылар саны едәуір төмендеді.
Кәсіподақ мүшелерін сауықтыру туралы:Облыстық ұйым еңбек дауларынан басқа да ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Білім саласында жұмыс істейтін әрбір қызметкердің денсаулығына назар аударып, елдегі ахуалға байланысты «Сарыағаш», «Жаркент – Арасан», «Қаратал», «Текелі» шипажайларымен келісім-шарттар жасады. Бұл бағыттағы жұмыс екіжақты әлеуметтік әріптестік туралы Келісім және ұжымдық шарттарда көрініс тауып, 2021 жылдың өзінде 567 кәсіподақ мүшесіне сауықтыру орындарына жолдамалар берілді.
Биылғы жылы әлеуметтік жағдайына қарай 465 қызметкерге материалдық көмек көрсетілді. Облыстық ұйым мен аудандық, қалалық филиалдар, бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан қомақты қаржы бөлінген. Өткен 2020 жылы 368 сала қызметкері сауықтырылды. Сауықтырылғандар санының күрт төмендеуі пандемияға байланысты орын алды. Бұдан өзге кәсіподақ мүшелерінің балалары да назардан тыс қалмады. Демалыс орындарына жіберуден бөлек «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында оқушыларды қажетті заттармен қамтамасыз етті. Дәстүрге айналған шара биылда жалғасын тауып, жаңа оқу жылының қарсаңында облыстық ұйым және еншілес аудандық, қалалық филиалдар мен бастауыш ұйымдар 60 балаға киім-кешектер мен құрал –жабдықтарды табыстады.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор:Қауіпсіздік шаралары да кәсіподақтың жіті назарына алынды. Әр білім ордасындағы еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі техникалық инспекторларға жауапкершілік жүгі артылды. Індеттен сақтану үшін белді бекем буып, оқу орындарындағы әкімшілікпен білек сыбана жұмыс істеді. Араға уақыт салып, жаңа оқу жылы басталар тұста оқушылар мен ұстаздардың қауіпсіздігіне бақылау жүргізілді. Жұмыс уақытында төтенше жағдайларды болдырмау және эпидемиялық жағдайға байланысты сақтық шараларын барынша сақтауды мақсат еткен техникалық инспекторлар белсенді жұмыс істеуде. Нормативтік-құқықтық актілерге сүйене отырып, білім ошақтарындағы қызметкерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасады.
Шараны жоспарлау және бұқаралық ақпарат құралдарына материалдар жариялау:Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болатыны белгілі. Оларды ұлықтау, құрмет көрсету адамзат баласының міндетті. Мәртебесін арттыру, мүддесін қорғау, бос уақытын тиімді өткізуге ықпал ету кәсіподақтың негізгі бағыттарының бірі. Жалпылама айтқанда, соңғы жылдары мұғалімдер арасында ауқымды шараларды жоспарлау және өткізу, бұқаралық ақпарат құралдарына мақала жариялауға ерекше мән беріп келеді.
Сала қызметкерлерінің құқығын қорғау, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі техникалық инспекторларының жұмысы, кәсіподақ мүшелерін сауықтыру, Мемлекет басшысының Жолдауын талқылау, ұжымдық шарт, бастауыш кәсіподақ ұйымдарына әдістемелік көмек көрсету, білім беру мекемелеріндегі еңбек ұжымдарымен кездесу, мерекелерге арналған салтанатты жиындар, кәсіподақ белсенділерін оқыту, спорттық шаралар мен байқаулар, пікірсайыс, дөңгелек үстелдер, қайырымдылық акциялары сияқты негізгі шаралар желілік кестеде көрініс тапты.
Түрлі форматтағы бұқаралық жиындарға сала қызметкерлерін қатыстырып, белсенділіктерін арттырған. Облыстық ұйым желілік кестеде көрсетілген ауқымды шараларды тұрақты түрде республикалық, облыстық газеттерге, жергілікті басылымдарға, сайттарға, фейсбук, инстаграм әлеуметтік желілеріне және өзгеде ақпарат беттеріне мақалалар жариялады.Сонымен қатар, ұстаздар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және туризмді дамыту мақсатында спартакиадаларды өткізуді қолға алды. Осындай көпшілік шаралар сала қызметкерлерінің спортқа деген қызығушылығын арттыруға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізіп, мұғалімдер тарапынан үлкен сұранысқа ие болды.
Меморандум:Бұдан бөлек, облыстық ұйым ұстаздардың игілігі үшін Алматы облысы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы, облыстық дін істер басқармасы, облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Алматы облысының ата-аналар комитеті сынды мекемелермен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасып, жекелеген жұмыс жоспарына сәйкес көптеген мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырған. Қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан сала қызметкерлері кәсіподақ тарапынан түрлі марапаттардың иесі атануда.
Ардагерлер мен жастар кеңесі:Сондай-ақ, кәсіподақ ұйымы жанынан ардагерлер және жастар Кеңесін құрып, аға буын өкілдері мен жас мамандарға жан-жақты қолдау танытты. Бар ғұмырын білім саласына арнаған ардагерлерге құрмет көрсетілді. Зейнеткер мұғалімдерде талантты жастарға үнемі қолдау танытып, тағылымы мол игі істердің басы-қасында жүріп, ақылдарын айтып, тәжірбиесімен бөлісті.
«Жас келсе – іске» демекші, жастар да кәсіподақ ұйымының жұмысын жандандыруда озық ойларын ортаға салып, тың идеяларды жүзеге асырды. Аймақтық ұйым және құрылымдылық бөлімшелер өз қызметінде жастармен жұмысқа үлкен мән берді. Үш жылға жуық уақыт аралығында облыстық ұйым жанынан жастар Кеңесін құрып, жас мамандармен тығыз байланыс орнатты. Бүгінгі күні облыстық деңгейде жастар Кеңесі тұрақты түрде өздерінің жиындарын, форумдар, байқаулар, семинарлар, спартакиадалар ұйымдастырды.
Кәсіподақтың ілгері басуына септігін тигізді. Заман ағымына қарай әрекет жасап, қоғамдық ұйымның мақсаттар мен міндеттерін көпшілікке таныстырды. Педагог мамандығын меңгергісі келетін мектеп түлектерін қолдады. «Ұстаз болғым келеді» эссе байқауын екі жыл қатарынан ұйымдастырды. Жергілікті жоғарғы оқу орынына түскен жеңімпаздарға кәсіподақтың атынан шәкіртақы төленді. Ұлы мамандықты насихаттады. Білімнің дәмін татып, кәсіп етуге үгіттеді.
Кәсіподақ қозғалысы жаңа серпін алып, сөзден іске көшті. Қоғамдағы рөлін жоғарлатып, әділдік үшін күресуді тоқтатпады. Кәсіподаққа мүше болу еңбек адамына берілген мүмкіндік болса, сала қызметкерлері дұрыс таңдау жасай білді. Құқығы мен мүддесі қорғалды. Облыстық ұйымның атқарған жұмысы да ауқымды. Бұл мақалада оның бір ғана сарасы баяндалды. Облыстық ұйымның алға қойған мақсаты мен міндеті айқын. Кәсіподақ ұйымына мүше болған азаматтардың барлық ісі заң шеңберінде шешіледі. Алдағы жоспарларды орындағанда ғана мол жетістікке қол жеткізеді. Сол үшін бірлікті ту етіп, бірлесіп жұмыс істеуге шақырады.
Алматы облыстық білім және
ғылым қызметкерлерікәсіподақ
ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-