ЖАМБЫЛДА АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының кезекті Атқару комитетінің отырысына филиал мәртебесіндегі аудандық кәсіподақ ұйымдары мен құрылымдық бөлімше жетекшілері, Атқару комитетінің мүшелері қатысты.
Санитарлық талаптардың сақталуымен өткен жиында алғашқы болып Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауынан туындайтын жергілікті кәсіподақтың міндеттері туралы сұрақ қаралды. Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков Президент Жолдауының басымдықтары мен мiндеттерiне тоқталып, Жолдауды жүзеге асырудағы кәсіподақ ұйымдарының қызметі туралы айтты.
- Жолдау ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңындағы мемлекет дамуының негізгі бағыттарын айқындап берді. Президенттің еңбек адамын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ынталандырудың маңызды шараларына бастамашы болғаны қуантады. Ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін артпақ. Бюджеттен қаржыланатын қарапайым еңбек адамдарының жалақысы 2022-2025 жылдары жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өседі. Олардың қатарында біздің саланың да қызметкерлері бар. Біздің басты міндет – заңмен берілген құзыреттілік шегінде құжаттың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Жиын барысында бұдан бөлек Байзақ, Қордай аудандары мен Тараз қаласы бойынша кәсіподақтың құқықтық еңбек инспекторларының есебі тыңдалды. Байзақ ауданы бойынша 2020-2021 жылдары еңбек қатынастарының заңдылығына қоғамдық бақылау бойынша 34 тексеріс жүргізіліп, 84 еңбек заңдылығының талаптарын бұзу жағдайы анықталған. Есепті кезеңде кәсіподақ мүшелеріне 1284 құқықтық кеңес берілген. Еңбек инспекторы Л.Айтқұлованың осы кезеңде кәсіподақ мүшелеріне келтірген экономикалық тиімділігі 34 млн-нан аса теңгені құраған. Ал Қордай ауданы бойынша құқықтық инспектор Б.Алпысбаев 2020-2021 жылдары 35 тексеру жүргізіп, қолданыстағы еңбек заңдылығының талаптарын бұзудың 148 жағдайын анықтаған. Құқықтық қызметтің экономикалық тиімділігі 2020 жыл қорытындысы бойынша 38 млн. теңгені құраса, 2021 жылдың алты айында 11 млн. теңгені құрап отыр.
Кәсіподақтың Тараз қаласы бойынша құқықтық еңбек инспекторы Ғ.Оспанов кәсіподақ мүшелеріне 2020 жылы 211, ал 2021 жылы 292 құқықтық кеңес берген. Өтініштердің басым көпшілігі айлық жалақы есептеу мен орташа айлық жалақы есептеу, оның ішінде магистранттарға жалақы төлеу, мүгедектерге төленетін қосымша ақы мен еңбек демалыстары, мұғалімдердің аттестациядан өту тәртібі, техникалық қызметкерлер мен кіші қызметкерлердің жалақы мөлшері туралы болған.
Алқалы жиын барысында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің кәсіподақ филиалындағы мүшелік есептілік пен іс-құжаттарын жүргізу, кәсіподаққа ынталандыру жұмысы туралы да ақпарат тыңдалды. Сонымен бірге, комитет мүшелерімен Ұстаздар күні, Қазақстан кәсіподақтарының күні, Еңбек күні мен қарттар күні аясындағы өңірлік шаралар жоспары бекітілді. Жиында сала қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін 2021 жылы сауықтыру бойынша бастапқы қорытындылары да айтылды.
https://www.facebook.com/profsoyuzrabotnikovobrazovaniya/posts/1850543745117058
https://www.facebook.com/profsoyuzrabotnikovobrazovaniya/posts/1850543745117058
П.Бақыт,
Жамбыл облысы
-
Фото
-