ТАРАЗДА ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ
Тараз қаласындағы Шахристан этно-тарихи кешенінің көрме залында «Білімді ұлт – мемлекет дамуының тұрақты кепілі» тақырыбындағы педагогтардың облыстық дәстүрлі тамыз конференциясы өтті.
Жаңа оқу жылының басты міндеттерін айқындаған алқалы жиынға облыс әкімі Б.Сапарбаев, аудандық білім бөлімінің басшылары, ардагер ұстаздар мен білім мекемелерінің үздік педагогтары, салалық кәсіподақ өкілдері қатысты.
Аймақтың педагогикалық ұжымдары мен мектеп мұғалімдері үшін бейнебайланыс арқылы тікелей көрсетілім ұйымдастырылды.
Жиында өткен оқу жылының қорытындысы мен саланың алдағы оқу жылына даярлығы туралы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Т.Жамалов баяндама жасады. Бас ұстаздың ақпараты бойынша биылғы жылы оқушылар республикалық пән олимпиадасы мен ғылыми жобалар жарысында командалық есепте 12-ші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын жеңіп алса, олимпиада қорытындысы бойынша 8 мектеп «100 үздік мектептердің» қатарына кірген. 2020-2021 оқу жылында республикалық, халықаралық байқауларда 5125 педагог жеңімпаз атанып, облыстың 2 педагогы елімізде тұңғыш рет берілген «Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы» атағын иеленген.
- Жаңа оқу жылында 442 мектепке 240 мыңнан аса оқушы келеді. Оқу дәстүрлі түрде басталады. Шектеу шараларына байланысты оқушылардың білімінде туындаған олқылықтардың орнын толықтыру - өзекті мәселе болып отыр.
Жаңа оқу жылында әрбір педагогқа шәкірттерінің білімін толықтыру бойынша арнайы жұмысты ойластыру және тиімді жүргізу қажет, - деді Т.Жамалов.
Жарыссөз барысында барша педагогтар қауымын Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім Академиясының президенті Ғ.Бейсембаев құттықтаса, облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы Р.Нұрақбаев егемен еліміздің азаматтарын қалыптастыруда отбасылық тәрбие жұмыстары мен ата-ананың ерекше рөлі барын баса айтты.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Р.Әшкеев жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өткен жылмен салыстырға 2021 жылдың 7 айында 62-ден 42-ге дейін төмендегенін тілге тиек етті.
Жиын барысында облыстық ерекше дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының тарих пәнінің мұғалімі, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» М.Бегілдаева егемен елімізді дамыған елдер қатарына қосатын бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру мақсатында облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер соғылып, ұстаздарға барлық жағдай жасалып жатқанын, осындай жағдайлар ұстаздарға жетістіктерге жетуге мүмкіндік беріп отырғанын айтты.
Тамыз кеңесінде облыс әкімі Бердібек Машбекұлы білім саласындағы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып, тапсырмалар берді. Қиындыққа қарамастан оқу жылын жақсы аяқтағаны үшін ұстаздар қауымына алғыс айтты. Іс-шара соңында өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісінде қол жеткізген табыстары мен білім саласына сіңірген еңбектері үшін бірқатар педагогтер облыс әкімінің Құрмет грамотасы, «Еңбек ардагері» медалімен, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталды.
Сондай-ақ, жиында 2021 жылғы «Орта білім беретін үздік ұйым» грантының иегері Тараз қаласындағы №8 гимназиясына 34 млн. теңгенің сертификаты тапсырылады.
«Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған мектеп ұжымдарына салалық кәсіподақтың 1 000 000 теңгелік сертификаттары тапсырылады. «Ең үздік инновациялық мектеп» номинациясы бойынша – Меркі ауданы И.Трубицын атындағы №17 мектеп-гимназиясы; «Ең үздік қала мектебі» номинациясы бойынша – Қаратау қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы гимназиясы; «Ең үздік ауыл мектебі» номинациясы бойынша – Жамбыл ауданы Ю.Гагарин атындағы мектеп-гимназиясы; «Ең үздік шағын жинақталған мектеп» номинациясы бойынша Байзақ ауданы Диқан орта мектебі; «Ең үздік колледж» номинациясы бойынша Тараз-сервис және технология колледжі марапатталды.
П.Бақыт,
Жамбыл облысы
-
Фото
-