ӘЛЕУМЕТТІК КЕЛІСІМ – КӘСІПОДАҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫ ТЕТІГІ
Ағымдағы жылдың 9 тамыз күні «Атырау облысы әкімдігінің білім басқармасы» ММ мен «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ арасында 2021 – 2023 жылдарға жасалған ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ТУРАЛЫ КЕЛІСІМГЕ қол қойылды.
Келісім Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне, өзге де заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге сәйкес Атырау облысы білім беру ұйымдары қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау мен қызметкерлер үшін қосымша әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және кәсіби кепілдіктер, жеңілдіктер мен артықшылықтар, сондай-ақ заңдармен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен, Әлеуметтік әріптестік туралы Бас келісіммен, салалық тарифтік, аймақтық келісімдермен белгіленгеннен де оңтайлы еңбек жағдайларын жасауды көздейтін жұмыс беруші мен жұмысшылардың өзара міндеттемелерін анықтау мақсатында жасалды. Әлеуметтік келісімнен туындайтын ережелер екі тарап үшін де міндетті болып табылады.
Құжат 13 тараудан және 15 қосымшадан тұрады және білім беру мекемелеріндегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысына жаңа серпін беріп отыр. Бірінші тараудағы «Жалпы ережелер» атты бөлімінде 1.20 тараушасында мынадай жолдар бар: «Тараптар жұмыс берушінің төмендегі актілері бастауыш кәсіподақ ұйымының кәсіподақ комитетімен келісе отырып қабылданатыны туралы келіседі: ішкі еңбек тәртіп ережесі; оқу сабақтарының кестесі; жұмыс кестелері; демалыс кестелері; педагогикалық қызметкерлердің оқу жүктемесі; педагогикалық қызметкерлердің қолданыстағы біліктілік санатын төмендету мақсатындағы кезектен тыс аттестациясын тағайындау туралы шешімі; біліктілік санатын төмендету туралы шешім; еңбек қорғау жөніндегі нұсқаулық» делініп, бастауыш кәсіподақ ұйымының кәсіподақ комитетінің дәлелді пікірін ескере отырып қабылданатын актілердің де тізімі бекітілді.
Жасыратыны жоқ, әлемді шарпыған пандемия кезінде Төтенше жұмыс (ТЖ) жағдайына көшкен білім беру мекемелеріндегі қызметкерлердің еңбек ақыларының сақталуы бағытында қиындыққа толы бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды. Осыған орай болашақта оның алдын алу мақсатында Келісімнің алтыншы тарауы «Еңбек ақы мен еңбек нормалары» атты бөліміне мынадай жолдар енгізілді:
«6.24. Тараптар жұмыстың жұмысшы кінәсынан болмай тоқтап тұрған күндері үшін қызметкерлерге, ауылдық жерде жұмыс істегені үшін көтермелерді ескере отырып, қосымша және үстеме ақыларсыз, ағымдағы жалақы мөлшерінде ақы төленетіндігімен келіседі.
Мемлекеттік білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне ТЖ кезінде,
жұмыс беруші мен қызметкерге байланысты емес себептер бойынша жұмыстың
бос тұрып қалу уақытына жалақы есептеу, ТЖ режимі енгізілгенге дейін
белгіленген мөлшерде, бірақ бір тарифтік ставкадан (лауазымдық айлықтан)
артық емес және жалақының заңнамамен белгіленген ең төменгі мөлшерінен
кем болмайтын мөлшерде есептеледі.
6.25. Қашықтан жұмыс үшін жүргізілетін төлем еңбек шарты тараптарының келісімімен айқындалады, бірақ қалыпты жағдайда жұмыс атқаратын осы санаттағы мамандық қызметкерлері үшін белгіленген еңбек ақы мөлшерінен төмен болмауы тиіс.
Уақытша қашықтан жүргізілген жұмыс үшін еңбек ақы, еңбек шартымен немесе келісіммен көзделген жұмыс ауқымы сақталған жағдайда, толық көлемде төленеді».
Әлеуметтік Келісімнің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметкерлердің еңбек жағдайын, жұмыспен қамту және әлеуметтік кепілдіктерді салалық деңгейде белгілеу жөнінде тараптардың міндеттері мен мазмұнын айқындау болды.
Әлеуметтік әріптестік туралы КЕЛІСІМ-нің толық мәтіні республикалық салалық кәсіподақтардың «Ұстаздық еңбек» газеті мен Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің сайтында жарияланады.
"Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы" ҚБ