БҚО ҰСТАЗДАРЫ КӘСІПОДАҚ ҚОЛДАУЫМЕН ШИПАЖАЙЛАРДА ДЕМАЛЫП, ҚҰҚЫҚТЫҚ БІЛІКТІЛІКТЕРІН АРТТЫРУ САБАҚТАРЫНА ҚАТЫСУДА
«Қазіргі нарықтық экономика еңбек адамының жасаған жұмыс көлеміне, шамасына, жүктемесіне қарай бағалауға бейім келеді. Бірақ, бұл үйлесімділік еңбек қатынастарында толықтай сақталады деп айта алмаймын. Заман ағыны қалай өзгерсе де, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек даулары әлі күнге дейін орын алып келеді. Мұның алдын алу үшін кәсіподақ бірлестіктері жан - жақты жұмыстар жүргізуде», - дейді Орал қалалық Д.Қонаев атындағы №44 мектеп – гимназиясы қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Құралай Темірбаева.
Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясы қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы – Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым саласы қызметкерлері кәсіподағының құрамындағы белсенді еңбек ұжымдарының бірі. Құрамында 205 кәсіподақ мүшесі бар. Аталмыш бастауыш ұйымның төрайымы Құралай Хабибуллақызы өз сөзінде:
- «Лайықты еңбек жағдайы», «Қауіпсіз еңбек» тақырыптары біздің кәсіподақ қозғалысымыздың ұраны десем де болады. Себебі, маман талабы – біз үшін басты орында. Дегенмен жоғарыда айтып кеткенімдей еңбек даулары тек бір ғана тараптан шықпайды. Сын көтермейтін маман сапасы да жоқ емес. Көбіне мұндай шиеленістер құқықтық біліктіліктің жетпегенінен, толыққанды ақпаратты ала алмағандықтан болады. Сондықтан да біздің еңбек ұжымында құқықтық сауаттылықты шыңдау, маман сапасын жетілдіру және дамыту бағытында көптеген шаралар өткізіліп тұрады, - дейді ол.
Еске сала кетейік, бүгінгі таңда ҚР Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ мүшелері үшін заң шеңберінде, қауіпсіздік шараларына қатысты, құқықтық сауаттылықты көтеруге арналған тегін, онлайн оқыту семинарларын ұйымдастыруда. №44 мектеп-гимназиясы қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері республикалық, облыстық оқыту семинарларына белсене қатысып, еңбек демалыстарын тиімді өткізуде. Сондай - ақ кәсіподақ мүшелері еңбек демалыстарын оқумен ғана емес, сауықтыру шипажайларында денсаулықтарын қалпына келтіріп, керемет демалыс күндерімен де өткізуде.
Оқу жылының қорытындысы кезінде бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы мектеп мәртебесін көтеру, оқушы талабы мен талантын шыңдау жолында ерен еңбек сіңірген мұғалімдерге «Сарыағаш» шипажайына жолдамалар табыстаған еді.
БҚО КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ