ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН ҰЖЫМ
Жамбыл облысының Қордай ауданында орналасқан «Ақмаржан» балабақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымы қызметі – кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау, қолдау болып табылады. Ал негізгі мақсаты – ұжымдық келісім-шартты қабылдау, оның орындалуын бақылау; емдеу-сауықтыру шараларын ұйымдастыру; кәсіподақ мүшелерінің жұмысына қатысты шараларды әлеуметтік және экономикалық қорғау; құқықтық және консультациялық көмек көрсету.
Әр оқу жылында бекітілген жоспардағы іс-шараларды ұйымдастырып өткізу үшін қаржылай көмек көрсетіледі. Жаңа жылда қызметкерлердің балаларына шырша мерекесі ұйымдастырылып, сыйлық беріледі. Барлық кәсіподақ мүшелеріне 8 наурыз, Наурыз, Жеңіс күні, балаларды қорғау күні, тамыз конференциясында, ҚР кәсіподақтары күні мерекелерінде сый-сияпат жасалады. Қызметкерлерге қолданыстағы ережелерге сәйкес материалдық көмек бөлінеді. Санаторлық-курорттық емделуге аудандық кәсіподақ тарапынан жеңілдікпен жолдама беріледі. Балабақша ардагерлеріне жасалатын сый мен құрмет өскелең ұрпақ алдында үлгі-өнеге.
Жыл сайынғы бастауыш кәсіподақ ұйымының есеп беру жиналысында кәсіподақ ұйымының есебі, ревизиялық комиссияның есебі, кәсіподақ ұйымы мүшелері арасында өткізілетін сауалнама қорытындысы, ҚР Еңбек кодексінің жекелеген баптарына және ұжымдық келісім-шарттың орындалуы қаралып, талқыланады. Қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық және құқықтық жағдайы, әлеуметтік кепілдіктер, жұмыспен қамту, еңбекақыны, зейнет жасына жақындаған қызметкерлердің еңбегі мен жалақысын бағалауда, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік жәрдемақысын индексациялау және көтеру мәселелерінде мекеме әкімшілігіне ұсыныстар беріледі.
Биыл ел тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Жыл басынан бері кәсіподақ ұйымының қолдауымен «Тәуелсіздікке 30 қайырымды іс» акциясы, «Тәуелсіздік – мәңгі жанған алау» ата-аналар арасындағы челлендж, «Кәсіподақ Тәуелсіздік үшін» тәрбиешілер арасындағы эстафета т.б. іс-шаралар жоғары дәрежеде ұйымдастырылып, өтті. Тәуелсіздіктің кейінгі он жылында жеткен жетістіктеріміз бен нәтижелі табыстарымыз да ауыз толтырып айтарлықтай. Балабақша ғимаратына жыл сайын кәсіподақ мүшелерінің күшімен ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалып, балалардың еркін тәрбие алуына барлық жағдай жасалады. Жағдайы төмен отбасы және мүгедек балалар қайырымдылық акциясы аясында жылы киімдермен жабдықталады. Қазақстан тәуелсіздігінің мерейлі жылында әлі де атқарар жұмыстар көп.
«Ақмаржан» бастауыш кәсіподақ ұйымы өз жұмысын бір арнаға шоғырландырып, қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауды үнемі басшылыққа алады. Себебі, қарапайым еңбек адамының әлеуметтік жағынан толық қамтылып, еңбек құқықтарының сақталуы - оның алаңсыз жұмыс істеуінің, еңбегінің нәтижелі болуының бірден-бір кепілі.
Ә.Жаңабаева,
«Ақмаржан» балалар бақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы,
Қордай ауданы,Жамбыл облысы.
-
Фото
-