«АЙДЫҢ ҮЗДІК ҚЫЗМЕТКЕРІ»
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Бастауыш кәсіподақ ұйымының жылына» орай Алматы облысындағы жоғарғы оқу орыны «Айдың үздік қызметкерлері» байқауын ұйымдастырды.
Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі бөлімі және университет кәсіподағы бірлесіп өткізген байқауға оқытушы-профессорлар құрамы мен университет қызметкерлері қатысты.
ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен ережеге сәйкес, әр факультеттен бір қызметкер деканат тарапының ұсынысы негізінде іріктеу кезеңінен өткен. Көрсетілген критерийлерге сай қатысушылардың портфолиясын тағайындалған қазылар алқасы қарап, атқарған жұмысы мен жетістіктеріне қарай жеңімпаздарды анықтады.
«Айдың үздік қызметкері» байқауының жеңімпазы ретінде құқық және экономика факультетінің қауымдастырылған профессор м.а., тарих ғылымдарының кандидаты Тинистанова Салтанат Сайдахметовна танылды.
Он жеті жылға жуық Жетісу өңіріндегі бірден-бір жоғары оқу орнында жас ұрпақты білім нәрімен сусындата отырып, ғылым жолында кездесетін таудай қиындықтарды тастай домалатып, ғылыми-педагогикалық жұмыстарға белсене атсалысып келеді.
Салтанат Сайдахметовнаның алыс, жақын шет елдерде және республикалық басылымдарда 100-ден астам ғылыми және әдістемелік еңбектері жарық көрді. Оның ішіндегі 4 оқу құралы, 1 авторлық шығармашылық куәлігі өз зерттеулерінің нәтижесі. Студенттердiң қатысумен 20-дан аса ғылыми мақала және тезистері жарыққа шыққан.
ҚР Білім және ғылым министірлігінің, облыс, қала әкімдерінің, ҚР Тұнғыш Президенті қоры төрағасының Құрмет грамотасы және М.Тынышпаевтың тарихи мұрасын зерттеуге қосқан үлесі үшін «М. Тынышпаевтың туғанына 130 жыл» медалімен марапатталған.
Жеңімпазға университет тарапынан диплом мен қаржылай сыйлық табыс етілді.
Алдағы уақытта аталған байқау жалғасын тауып, еңбек ұжымындағы кіл мықтыларды анықтауға мүмкіндік бермек.
Е. Хаймулданов,І. Жансүгіров атындағы Жетісу
университетінің кәсіподақ төрағасы
-
Фото
-