НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ «ӘДІЛЕТ» БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КӘСІПОДАҒЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ТӨРАЛҚА ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
«Әділет» Кәсіподағының төрағасы Батыр Алиев отырысты ашып, Төралқа мүшелерін күн тәртібімен таныстырды.
Төралқа отырысында «Әділет» Кәсіподағының 2020 жылғы кәсіподақ мүшелігі мен кәсіподақ органдары туралы жиынтық статистикалық есептілік қорытындысы туралы; Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы туралы; Педагогтерді жеңілдіктер және кепілдіктермен қамтамасыз ету бөлігінде «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелерін іске асыру бойынша жұмыс жағдайы туралы; 2021 жылға арналған істер номенклатурасын бекіту туралы; Нұр-Сұлтан қаласының білім беру жүйесінің ардагерлер кеңесі туралы ережесі; Кәсіподақ активтерін марапаттау туралы маңызды мәселелер талқыланды.
Төралқа мүшелеріне Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ляззат Тынымбаева кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, колледж әкімшілігімен бірлесіп атқарылған шаралар, кәсіподақ мүшелеріне көрсетілген материалдық көмектер мен кәсіподақ мүшелерін марапаттау туралы атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берді.
Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмысының оң тәжірибесін барлық кәсіподақ ұйымдарына тарату туралы шешім қабылданғанын атап өту қажет.
Іс-шара барысында Батыр Әлиев бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын күшейту жөнінде атап өтті. Сонымен қатар кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау басты назарда екенін айтты.
Сонымен қатар, «Әділет» Кәсіподағының 2021 жылға арналған істер номенклатурасы бекітілді.
Төралқа мүшелеріне ардагерлермен жұмысты жандандыру, оларды әлеуметтік қолдау мен қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Білім басқармасымен бірлесіп жүзеге асырылатын Білім беру жүйесінің ардагерлер кеңесі ережесінің жобасы ұсынылды. Төралқа мүшелері Ережемен танысып, қолдау білдірді. Аталған Ереже бекіту үшін Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасына жолданатын болады.
Ұйымдастырушылық мәселелерді талқылау барысында Батыр Әлиев Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақтың үздік бастауыш ұйымы байқауы» және Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Кәсіподақ қызметі туралы үздік бейнеролик республикалық байқауының» маңыздылығы мен ерекшелігін айтып, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының белсенді қатысу қажеттігін айтты.
Төралқа мүшелері аталған мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді. Барлық мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.
Іс-шара соңында білім саласындағы ұзақ жылғы еңбегі мен кәсіподақ ұйымының дамуына қосқан зор үлесі үшін «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен № 31 мектеп-гимназиясының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұрбек Абадилов марапатталды.
Сонымен қатар қоғам мен ұрпақ алдындағы парасатты еңбегі мен білім беру саласындағы мүлтіксіз атқарған қызметі үшін Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашеваның атынан «Құрмет грамотамен» бірқатар бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары марапатталды.
Марапатталушыларды құттықтай отырып, адал еңбектері мен белсенді жұмыстары үшін алғыс білдіреміз.
-
Фото
-