БІРІККЕН КОМИТЕТТІҢ ПЛЕНУМЫ ӨТТІ
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіподағының мәжіліс залында Кәсіподақтың «Біріккен комитеті» Филиалының кезекті ІІ Пленумы өтті. Күн тәртібінде Филиалдың ағымдағы жұмысы және «Салалық кәсіподақтың 2019-2024 жылдарға арналған Бағдарламасын» жүзеге асыру міндеттері, 2021 жылға қаржылық шығын сметасын бекіту сынды өзекті сұрақтар қаралды.
Алғашқы болып сөз алған Филиал төрағасы Жанболат Орынбеков өткен жылы атқарылған ауқымды істерді баяндай келе осынау қиын кезеңде қолдау білдірген барлық бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларына алғысын жеткізді.
- Мемлекетімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде бастауыш кәсіподақ ұйымдары жетекшілерінің рөлі өте жоғары болды. Халықты сабырға шақырған, білім беру ұйымының әкімшілігімен бірлесіп ұжымда педагогикалық-психологиялық ахуалды өз деңгейінде ұстай білген, жұмыскерлер арасында өздерін білімді де білікті көшбасшы ретінде көрсете білген барлық төрағаларға алғыс білдіремін, - деді Жанболат Тұңғышбекұлы.
Баяндамаға сәйкес кәсіподақ ұйымы өз жұмысын пандемияға байланысты әлеуметтік әріптестіктің шеңберінде облыстық білім басқармасы және білім беру ұйымдарының басшыларымен жүргізген. Карантиндік шектеулерге байланысты білім беру ұйымдарының, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің қызметі тоқтауына орай барлық санаттағы қызметкерлерге (педагогтарды қоса алғанда), олардың жазбаша келісімімен жыл сайынға ақылы еңбек демалысы кезектен тыс берілген. Ал қалған қызметкерлер жұмысын қашықтықтан атқару және оқыту түріне ауыстырылған.
Әлеуметтік әріптестік бағытындағы атқарылған жұмыстардың келесі бір мысалы ретінде 2020 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық шартқа енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес білім беру ұйымдарының іс жүргізушілерінің, есепшілер мен үнемдеушілердің, кітапхана қызметкерлері мен медициналық қызметкерлердің еңбек ақы мөлшері артқан. Филиал құрамындағы білім беру ұйымдарындағы кітапханашыларға (30 адам) – 5 млн. 166 мың, медициналық қызметкерлерге (98 адам) – 15 млн. аса қаражат еңбек ақыларына қосылып берілген. Есепті мерзімде Филиалдың құқықтық қызметі аясында кәсіподақ мүшелерінен түскен жазбаша – 20, ауызша 1000 аса өтініштер мен сұрақтарға заң аясында құқықтық кеңестер берілген.
Материалдық және қайырымдылық көрсету бағытында барлығы 1 млн. 150 мың теңгеге науқастанған 77 кәсіподақ мүшесіне қаржылай қолдау көрсетілген. Бұдан бөлек 788 270 теңгеге 1460 дана бетперде, 600 дана қолғап, 56 дана антисептиктер алынған.
Күн тәртібіндегі негізгі баяндамадан соң облыстық Кәсіподақ ұйымының еңбек инспекторы Әлия Джолшибекова мен Дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» мектеп-интернатының мұғалімі Әсет Орманбекова баяндама жасады. Филиалдың есепші-маманы Ақжүніс Құрмашеваның 2020 жылға қаржы шығындары туралы есебі тыңдалып, тексеру-бақылау комиссиясының мүшесі Жанна Мырзахметованың баяндамасынан соң бекітілді.
Жиын соңы белсенді кәсіподақ жетекшілерін марапаттау рәсіміне жалғасты.
П.Бақыт,
Жамбыл облысы
-
Фото
-