АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ӘЙЕЛДЕР ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕ КОМИССИЯ ҚҰРЫЛДЫ
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының 2020 жылдың 25 қарашасындағы Атқару комитетінің №8,6 қаулысына сәйкес бүгін Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы Әйелдер істері жөніндегі Комиссиясын құрды. Жұмыскер әйелдер комиссиясының құрамы аудандық, қалалық филиалдар мен облыстық ұйым аппаратының өкілдерімен толықты.
Бейнебайланыс режимінде өткен шарада сөз сөйлеген Алматы облыстық ұйымының төрағасы М. Төлепбергенов Комиссия жұмысына сәттілік тіледі.
Облыстық ұйымның бас маманы М. Жұмабек әйелдер істері жөніндегі Комиссияның мақсаты мен міндетіне тоқталып, оның жұмысы қоғамдық бірлестіктің Жарғысы, алқалы органдардың шешімдері негізінде ұйымдастыратынын жеткізді.
Ережесіне сәйкес Комиссия төрайымы мен хатшысы көпшіліктің дауысы арқылы сайланады. Облыстық ұйымның атынан әйелдер істері жөніндегі Комиссияның төрайымы кандитатурасына Салалық кәсіподақтың Әйелдер істері жөніндегі Комиссиясының мүшесі, Кербұлақ ауданы, Күреңбел орта мектебінің мұғалімі Ә. Ильясова ұсынылып, жетістіктері мен атқарған жұмыстары жайында толық ақпарат берілді. Комиссия мүшелері бірауыздан қолдап, Ә.Ильясова облыстық Комиссияның төрайымы ретінде сайланды.
Алғашқы рет ұйымдастырылған жұмыскер әйелдердің жиынын Ә.Нұрмұхаметқызы жалғастырып, 2021 жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырды. Комиссия мүшелері ұсыныстарын ортаға салып, пікір алмасты. Комиссия алдағы уақытта әйелдердің еңбек, тұрмыстық жағдайын жақсарту, ана мен баланы қорғау және т.б. мәселелер бойынша кешенді жұмыс жүргізетін болады.
Алматы облыстық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі