БАТЫР БАУЫРЖАННЫҢ БАТАСЫН АЛҒАНДАР
Биыл даңқты қолбасшы, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл. Батырдың мерейтойына орай елімізде түрлі іс-шаралар өтуде. Соның бірі Кәсіподақтың Жуалы аудандық комитетінің ұйымдастыруымен мектеп оқушыларына арналған тағылымды һәм танымдық саяхат сабағы болды.
Өмірін өнегемен өрнектеген батыр тұлғаның есімі қалың қазақпен қатар кейінгі буын үшін де тәртіп пен тәрбиенің, ақиқат пен шындықтың, ерлік пен елдіктің қайнар көзі болып есептеледі. Осы ретте, жас ұрпақтың бойында еліне, жеріне деген патриоттық сезім қалыптастыру мақсатында батыр Бауыржанның есімін ерекше пір тұтып, есімдерін қойған бала Бауыржандарға ерекше құрмет көрсетілді. Аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Н.Тұрмаханбетова мен кәсіподақ төрайымы Г.Қадырбек бала Бауыржандарды жинап батыр атындағы аудандық мұражайда, батырдың ескерткіші жанында, Талапты ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектепте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында танымдық сабақ өткізді.
Атақты «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогының авторы Әзілхан Нұршайықовтың «Қазір елде сіздің құрметіңізге қойылған Бауыржан есімді балалар көп. Соларға қандай тілек айтар едіңіз?» деген сауалына батыр Бауыржан былай жауап берген екен.
- Қазақстанда 13 мыңдай Бауыржан бар екен. Мені сыйлап, қадірлеп, сәбилеріне менің атымды қойған ата-аналарға, олардың туған-туысқандарына шын ниетпен алғыс айтамын. Ал Бауыржандарға айтарым: «Азамат боп өсіңдер, қарақтарым! Қатарларыңнан кем болмаңдар. Бірің болмаса бірің менен асып кетсеңдер, оған ешқандай дауым жоқ. Барлық Бауыржанға, барлық балдырғандарға ақ ниетпен батамды беремін!», - деген екен.
Осы тектес өсиеттер айтылып, батыр бойында болған батылдық, адалдық пен табандылық, жоғары патриоттық рух, шешім қабылдаудағы сенімділік, тәртіп, даналық пен парасаттылық сынды қасиеттер бала Бауыржандардың бойынан табылса деген ниет-тілекпен өткен тағылымды іс-шара бүлдіршіндердің есінде мәңгі сақталатынына сенім мол.
Перизат БАҚЫТ,
ЖАМБЫЛ облысы