ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ КӘСІПОДАҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ
Ағымдағы жылдың 4 желтоқсан күні академик М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бастауыш кәсіподақ комитетінің мерзімнен тыс кезекті ІІ Конференциясы өтті. Алқалы жиынға Дулати университетінің Басқарма төрағасы-ректор м.а. Махметғали Сарыбеков, Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы төрағасының орынбасары Берік Баймағамбетов, конференция делегаттары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияның жұмысшы органдары жасақталып болысымен күн тәртібіндегі алғашқы сұрақ бойынша Жергілікті кәсіподақ төрағасының орынбасары Берік Баймағамбетов сөз сөйлеп, М.Х.Дулати атындағы ТарМӨУ-нің бастауыш кәсіподақ ұйымы филиалының құқықтық мәртебесі жөнінде мәлімдеді. Заңгердің ақпаратына сүйенсек, өңірдегі екі мемлекеттік жоғары білім беретін ұйымның қосылып, қайта құрылуына байланысты Жергілікті кәсіподақ ұйымының Жарғылық талаптарына сәйкес мерзімнен тыс конференция өткізу қажеттігі туындаған. Конференцияның мерзімнен тыс болуына байланысты есеп берудің қажеттігі болмағанымен екі оқу орнының да кәсіптік одағына төрағалық еткен тұлғалар 2018 жылдан бүгінгі күнге дейін атқарған жұмыстары туралы баяндады. Конференция делегаттары Берік Хұсайынов пен Абай Ізтілеуовтың есептерін тыңдап, қанағаттанарлық деп танылды.
Бұдан соң күн тәртібіндегі негізгі сұрақ – өңірлік университеттің бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасын сайлау мәселесі қаралды. Конференция делегаттарының ұсынысы бойынша филиал төрағалығына Хұсайынов Берік Есентайұлының кандидатурасы тіркеліп, ашық дауыспен өткен сайлау нәтижесі бойынша бірауыздан қолдау тапты. Сондай-ақ, Конференция барысында Бақылау-тексеру комиссиясы мен Филиалдың Комитет құрамы сайланып, бекітілді.
Конференция үстінде орын алған тағы бір жағымды жаңалық – университет әкімшілігі мен бастауыш кәсіподақ ұйымы арасында 2020-2023 жылдарға арналған ұжымдық шартқа қол қою рәсімінің өткендігі.
- Екі университеттің қосылуымен көп нормативтік құжат өзінің күшін жойды. Сәйкесінше, еңбек демалысына шыққан кәсіподақ мүшелеріне сауықтыру жәрдемақысын төлеу немесе материалдық көмек көрсету, қызметкерлерге сыйақы жасау сынды көптеген сұрақтың шешімін осы ұжымдық шарттан таптық. Сондықтан да, ұжымдық шарт - формальды емес, өте қажет құжат. Ұжымдық шартқа қол қоя отырып мен жауапкершілік аламын. Ұжымдық шарт аясында атқарған жұмыстар туралы да жыл сайын есеп беріп отырмын, - деді өңірлік Дулати университетінің Басқарма төрағасы-ректор м.а. Махметғали Нұрғалиұлы.
Алқалы жиынның маңызы мен мәртебесін ескере отырып, конференция барысында кәсіподақ мүшелерін марапаттау рәсімі де өтті. Еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып, кәсіподақ ұйымының қызметін жандандыруға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Б.Бекназаров,
Жамбыл облысы
-
Фото
-