МӘРТЕБЕСІ БИІК МӘРТ ТҰЛҒА
Кез келген азаматтың өз саласындағы Олимпін бағындырып, биіктен көрінуі – ата-ана тәлімінен соң берілетін алтын ұя мектебіндегі алып жүрек иесі – ұстаздың арқасы.
Білім мен тәрбиеден бөлек, өмір мектебіне батыл қадам басуға үйрететін жауапты мамандық иелері мыңдаған өренге үкілі үміт сыйлап, өрісін кеңейтуде өлшеусіз үлес қосуда. Сондай ерекше жандардың бірі Ақшұқыр мектеп – лицейінің тұңғыш директоры, «ҚР Білім беру ісінің озық қызметкері» төсбелгісінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің және облыстық «Жыл адамы» байқауының «Жыл мұғалімі» номинациясының иегері, басқа да көптеген марапаттардың иегері, білікті басшы – Тлеубаева Қаламқас Қалиқызы.
«Қоғамның даму барысында өмірде-нәзік, көңілде-биік, ал істе-мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес», - деп тұңғыш Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей, қай қоғамда болсын әйел заты-ұлт ұйытқысы, тіршілік тамыршысы, даналықтың дәнін себуші.
Қазақ әйелі –үй анасынан ел анасына айналған, ерлермен тең тұрып, ел шежіресіне айналған елеулі тұлға. Түркі әлемінде әйел тәңірісі Ұмай анадан бастау алған, жеңілуді білмейтін деп дәріптеліп, Кирдің мысын басқан Тұмар патшайымның, оның бергі жағындағы Қарашаш, Домалақ ана, Бопай ханымдардың әрекеттері елдің бүтіндігі мен бірлігін ойлауға келіп тіреледі. Осындай аналардың өмірін үлгі тұтып, өмірлік ұстанымдарына айналдырып, ерлермен үзеңгілес жүріп, ел ісіне араласып жүрген, ұлтымыз үлгі тұтар жандар аз емес.
Сондай жандар санатындағы жан - әйелге тән әдебін әдемілеп әдіптеген, өн бойынан кемел пайым, ірі болмыс, мәнді мәрттік, биік парасат, қанағат пен бекзаттық сияқты адами қағидаттар көрініс тапқан іскер басшы, шебер ұйымдастырушы Қаламқас Қалиқызы.
Тумысынан қабілетті, еңбекқор, елжанды тұлғаның қолға алған мақсат-мүддесінің жиынтығы біреу, ол - ұрпақ тәрбиесі, адамдықтың диқаншысы болу, шәкіртерін білім көкжиегіне ұмтылдыру.
Қаламқас Қалиқызы қазіргі таңда Ақшұқыр мектеп лицейінің директоры. Өткенге көз жүгіртіп, кейінге шегініс жасасақ, Қаламқас Қалиқызының еңбек жолы әріден бастау алады.
1984 жылдан бастап бұрынғы Ералиев, қазіргі Маршал Әбдіхалықов атындағы мектеп гимназиясында бастауыш сыныптар бойынша оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарып, 2008 жылы Жауқазын балабақшасының меңгерушісі, 2009 жылы Сайын Шапағатов елді мекенінде ашылған Ғұбайдолла Айдаров атындағы №1 лицей директоры болып тағайындалды.
2014 жылдан бері басқарып келе жатқан Ақшұқыр мектеп-лицейі ашылғанына не бары бес жыл болса да, биік белестерді бағындырып, шартарапқа аты тарап үлгерді.
Жаңа мектепте де нәтижеге бағытталған жұмыс мазмұнын айқындап, оқу-тәрбие үрдісін үйлестіруде инновациялық және педагогикалық орта қалыптастыра білді.
Бес жыл ішінде жалпы орта білім туралы 14 «Алтын белгі», 8 «Үздік аттестат» иегерлерін түлетіп, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың 4 «Алтын медаль», 5 «Күміс медаль», 9 «Қола медаль» жеңімпаздарын шығарып, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының «Үздік ауыл мектебі» номинациясын иеленді.
2015 жылы Халықаралық экология және инженерия ғылыми академиясының ұйымдастырған байқауында «Самая образцовая школа -2015» атағын және кубогін жеңіп алды. ҰБТ қорытындысында аудан мектептерінің көшін бастап, облыс бойынша үш жыл қатарынан «Үздік 10 мектептің» қатарына еніп, 2015-2016 оқу жылы қорытындысында аудан мектептерінің арасында «Үздік мектеп-2016», облыстағы лицей-гимназия мектептерінің арасында «Үздік мектеп-лицейі» атағын жеңіп алып, облыс әкімінің 2 00000 теңге грантына ие болды. 2016 жылы қарашада халықаралық ЮНЕСКО клубының федерациясы мүшелікке қабылдап, Ақшұқыр мектеп-лицейіне «ЮНЕСКО клубының» мәртебесі берілді.
«Орта білім беретін үздік ұйым-2017» атағына ие болып, Маңғыстау облысы әкімдігінің 19567200 теңге көлеміндегі грантын жеңіп алды. 2019 жылы облыстық «Табиғатпен үндес мектеп» конкурсында І орын алып, 400000 теңге көлеміндегі сыйлыққа ие болды. Биыл «Дарын» РҒПО-ның ұйымдастыруымен өткізілген рейтинг бойынша «Үздік 100 олимпиадалық мектеп» қатарына енді.
Жыл сайын оқушылардың жазғы демалысында аз қамтылған отбасы балалары мен оқу үздіктерін қамтитын үш тілді мектеп лагері ұйымдастырады.
Мектеп ұжымының осындай жетістікке жетуіне мектеп дирокторы тікелей қатысты.
Жаңашылдыққа жаны құмар Каламқас Калиқызы өңірдегі директордың алғашқы қарлығашы боп мұғалімдерді жаңа үлгідегі аттестаттаудан өткен.
Каламқас Калиқызы - өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы тұлға. Қол жеткізген табыстарына разы болу, шүкіршілік ету, қанағат тұту - оның бойындағы ерекше қасиет.
Сөйлейтін сөзін, қабылдайтын шешімін алдымен ақыл таразысынан өткізіп алу - парасаттылық белгісі. Міне, осы қасиет басшы бойындағы үлкен сана мен инабаттылықты, мінезінің жарасты тұтастығын білдіреді. Яғни, Абай айтқан «Ыстық қайрат», «Нұрлы ақыл», «Жылы жүрек» бұл жанда қабысып жатыр.
Қоғамдық ұйымның жұмысының пәрменді болуы оны басқарып отырған көшбасшысына байланысты. Саналы ғұмырын ұлт мұраты жолында қызмет етуге арнаған жетекші маман Каламқас Калиқызы қоғамда болып жатқан өзгерістерден шет қалмай, ұстаздар қауымы мен жастардың әлеуметтік-экономикалық құқығын қорғауда еліміздегі заң аясына сәйкес әлеуметтік әріптестіктің үлгісін көрсетіп, ұстаз игілігіне өз күш жігерін жұмсап жүрген басшы. Ұжымы түгелдей кәсіподақ мүшелері, белсенділікпен жұмыс жасауда. Бастауыш кәсіподақ ұйымы кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік құқықтық мәселелерін қарап, олардың оң шешімінің табуына ыұпал етуде. Қайырымдылық шаралары да үзбей жалғасып келеді.
Қаламқас апай ұстаздығы өз алдына, кәсіподақ ұйымының сан салалы жұмыстарына ықпал етіп, қашан да ұжымның ауызбіршілігін сақтауда, ұжым мүшелерінің көңілін табуға атсалысады. Қандай мәселені болсын шешуде іскерлік танытып, оң шешімін табатын шеберлігін айтпай кетуге болмас.
Бойына табиғат дарытқан ұстаздық ұлағатты істі абырой, басты борышым деп есептеген ұстаз, басшы оқу ісіндегі, қоғамдық қызметіндегі шығармашылық белсенділігі мен жеке тұлға тәрбиелеуде үздік нәтиже көрсеткені үшін көптеген қомақты жетістіктерге жетті.
Мекеме басшысының қызметкерлер және кәсіподақ арасында жауапкершілікті арттыруға, нәтижелі жұмыс ұйымдастыруға, қызметкерлердің әлеуметтік – экономикалық құқықтарын, заңды мүддесін қорғауға бағытталған ұжымдық келісім шарт бойынша жұмысы жақсы жолға қойылған.
Өз қызметінде жауапкершілік жүгін арқалап, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағытталған жаңа білім беру жүйесінің қалыптасуына сүбелі үлес қосып, бір басында тектілік те, ірілік пен іскерлік те, асқақтатар сан қасиеттер тоғысқан, сонысымен де дара, есімі жақсылар мен жайсаңдардың қатарында аталып жүрген ардақты ұстаз, тегеуріні мықты талантты басшының алдағы уақытта да талай асуларды бағындыратынына кәміл сенеміз.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері
кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» ҚБ-і