ҰЛАҒАТТЫ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІ
«Ұстаз... Жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, .. мейлінше шешен, өнер – білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ, қорқыныш пен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.» Әль-Фараби.
Есімдері ел есінде сақталатын абзал адамдардың бірі – ұстаздар. Ұстаз туралы толғану – қиынның қиыны шығар, сірә,. Әліпті таяқ деп білгізген, өмір деп аталатын таңғажайып әлемге жол сілтеген қарапайым жандардың аялы алақаны, жүрек жылуы парасатты азаматқа ұмытылмас сырлы мезет. Қайтып келмес мектеп өмірін әлі күнге сағынышпен еске аламыз.
Нұра ауданының білім беру саласында ерен еңбегімен ел есінде қалған ұстаздар аз болған жоқ.Оларды біз ерекше құрметпен еске аламыз. Олар: бүкіл әдебиетті жатқа айтатын Әния Әкімбекова, Қазақ ССРінің еңбек сіңірген ұстаздары Нұрғайша Усабаева, Раушан Ішкенова, ағайынды Уәтәй – Жанайдар Әубәкіровтар, ұстаздар әулеті Ескермес Балабиев, Рашида Қадырова, Әбілқайыр Имашев, Алмаш Имашева, «Даңқ» орденінің толық иегері батыр ағамыз Мүтәш Сүлейменов, Тыныбек Балабеков, Зекен Қайырбеков,,. Олар істеріне адал, білікті де іскер, жасандылықтан аулақ, нағыз педагогтар еді!
Зейнеткерлік жасқа келіп өз еңбегімен мектеп ұжымына, шәкірттеріне сыйлы болып, білім ордасын басқарған ұстаздарды атап өтпеуге болмас, олар Жүсіпов Қақыш, Иманкусов Бағдат, Закарин Уахит, Боқаев Байдалы, Тұрлыбеков Мажит, Шуғаев Сакен, Шкаренко Семен, Нұрғалиев Балғабек, Жупенов Есім, Гордиенко Иван, Самойлюк Владимир, Шұғаев Сакен, Қосшығулов Бекет, Кульпеисов Болат, Қуан Омаров, Габдысалам Касымов, Әдиша Есмагамбетова, Зарлық Мақсутов, Әбілхан Ашимов, Танжарық Акижанов, Таниберген Дарибаев, Кулян Султанбекова, Светлана Омарова, Ақылбек Тоқабаев, Зекен Алибеков, Сакен Жумабеков, Шора Мухамедин, Ерсайын Канафин т.б.
Осы ұстаздардың шәкірттері бүгінгі таңда егемен еліміздің түкпір түкпірінде ел игілігіне қызмет етіп жүр. «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» - сондай сөздердің бірі. Олар ұстаздарының мақтанышы!«Тұл» деген сол. Ұстаз еңбегінің нәтижесі – саналы тәрбие, сапалы біліммен қаруланған, елін гүлдендіріп, мерейі мен мәртебесін көтеретін жасампаз жас ұрпақ. Өзінің жолын қуып, мұғалім мамандығын таңдаған ізбасарлары болса, тіпті тамаша.
Ұстаз еңбегінің нәтижелілігі шәкірттерінің оның тәлім - тәрбиесін түсінікпен қабылдап, қолдауына тікелей байланысты.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, ұстаз үйретуден жалықпаса, шәкірт үйренуден шаршамаса ғана, екеулеріне де ортақ игілікті іс жемісті болады. Қазір де өз ісіне адал, кәсіби шыңдалған мамандар аз емес. «Мұғалімнің мұғалімі» болған «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған ұстаздар: Қарлығаш Нүркенова, Күлкен Мұхаметжанова, Әсия Шакенова, Күлпаш Жанқуатова т,б.
Ұстаз бен шәкірт – егіз ұғым. Біріншісі оқу-тәрбие сапасын көтеріп, жас жеткіншектерді жаңа қоғам жағдайында еңбек етуге үйренушілер болса, екіншісі сол тәрбиеге лайықты болып, өз қабілеттерін жетілдіріп, тұлға ретінде қалыптастырушылар.
Бүгінгі таңда елімізде «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып мұғалімдердің жалақысы көбейіп, қоғамда мұғалім беделін көтеруге арналған іс шаралар жүзеге асырылуда. Қазіргі кезде аудандың білім беру бөлімі тәжірибелі басшы Салтанат Мұқанованың жетекшілігімен оқу тәрбие процесін заман талабына сай ұйымдастырып, цифрландыру бағдарламасы аясында ақпараттық технологияларды кеңінен қолдана отырып оқушылардың толыққанды білім алуына барлық жағдай жасалуда. Оқу кабинеттері оқытудың жаңа технологияларын пайдаланып сабақ өткізуге ыңғайландырылған. Мектептер жаңа оқу жылын осындай өте жақсы дайындықпен қарсы алды. Қуанарлық, құптарлық іс.
Білім мен тәрбие берудің қайнар бұлағы – мектеп десек, сол бұлақтың көзін ашып сарқырататын, жолын тазалап жарқырататын ұстаздар қауымына мың алғыс. «Ғалым да, кенші де бас иетін, ұстазым бар сенің қасиетің» деп басталатын осы бір әнді тыңдаған сайын мұғалім мамандығын таңдаған әрбір аяулы жанның қызығы мен шыжығы қатар жүретін өмірі көз алдыңнан кинолента секілді өтіп жатқандай болады. Саналы ғұмырын сапалы қызмет етуге арнаған сансыз маманның ішіндегі барша әлем бас иетіндей құдіреттісі болса, ол – ұстаз екені сөзсіз. «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмір алсам, ал, Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» деген екен Александр Македонский. Осы бір ұлағатты сөзден ұстазға деген махаббат пен құрметтің биіктігін аңғарамыз. Ұстаздың әрбір айтқан сөзі, іс-қимылы – өскелең ұрпақ қана емес, барша адам баласының айнасы секілді. Себебі, ұстазы арқылы шәкіртіне баға беріледі.
Ауданымыздың білім саласының ардагерлерін, барлық ұстаздарын кәсіби мерекемен құттықтай отырып, мына өлең шумақтарын арнаймын:
Бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған,
Мен осындай адамдарға таң қалам.
Аспанында білім атты әлемнің,
Қанаттарын кеңге жайып самғаған.
Еңбек етіп әрқашан да ел үшін,
Жұмысының көрген талай жемісін.
Мақсаты оның тәлім менен тәрбие,
Арманы оның ынтымақ пен келісім.
Оның айтқан әрбір сөзі бағалы,
Жас ұрпаққа мәңгі үлгі болады
Адамбай Мұстафин,Нұра аудандық мұғалімдер кәсіподағының төрағасы,
Қарағанды облысы