КЕҢЕС ОТЫРЫСЫНДА КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ
Бүгін Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы жылдық жұмыс жоспарына сәйкес Кеңес отырысын өткізді.Алқалы жиынға аудандық, қалалық филиалдары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Отырыстың күн тәртібінде Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауынан туындайтын облыстық ұйымның мақсаттары мен міндеттері туралы, «Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің кәсіподағы» филиалының атауын өзгерту және ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Төлепбергенов күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасап, Жолдауда көрсетілген бағыттарды саралап, білім саласына ерекше тоқталды.«Әлем бойынша алғаш рет орын алған қашықтықтан оқыту форматы ұстаздар мен оқушыларға қиындық туғызды. Жаңа оқу жылы қарсаңында осы олқылықтардың орнын толтыру үшін педагогтар мен балаларға кәсіподақ тарапынан материалдық көмек көрсетілді. Әлі де атқарылуы тиіс жұмыстар көп. Жолдауда жағымды жаңалық ретінде ұстаздардың еңбекақысы 25 пайызға өсетіні айтылды. Бұл педагогтардың әлеуметтік жағдайын жақсартса, кәсіподақ сала қызметкердерінің құқығын қорғау жұмыстарын жандандырып, мәртебесін арттыруы тиіс. Ол үшін басымдықтарды жүзеге асырып, Жолдауға қолдау көрсетуіміз керек»,-деді Мэлс Құлмұханұлы.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылы қарсаңында жарияланған Жолдаудан туындайтын мақсаттар мен міндеттерді нақтылап, кәсіподақ төрағаларына бірқатар тапсырмалар берді.Кербұлақ аудандық филиалының төрағасы Жақан Дуанаев қиын кезеңде ұстаздарға демеу болып, алдағы уақытта берілген тапсырмаларды жүзеге асырып, кәсіподақ мүшелерінің сенімін арттыратындықтарына сендірді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық ұйымның заңгері Ақерке Мұсабекова ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің 2020 жылғы 22 мамырдағы «Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы №306 бұйрығына сәйкес І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті кәсіподақ филиалының аты өзгеру қажет екенін жеткізіп, қаулының жобасын таныстырды.
Ұйымдастыру жұмыстарын талқылау кезінде облыстық ұйымның мамандары аудандық, қалалық филиалдардың ақпараттық және қаржылық - шаруашылық жұмыстарына тоқталып, жұмысты жандандыру үшін бірқатар ұсыныстар енгізді. Отырыс соңында дайындалған қаулылар бірауыздан қабылданды.
Алматы облыстық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі