БІРЛІК ПЕН ӘДІЛДІКТІ ТУ ЕТКЕН КӘСІПОДАҚ
Қай салада болмасын жұмысшылардың құқығын қорғайтын қоғамдық бірлестіктер бар. Олар жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы алтын көпірге айналып, әділдік орнатуға өз ықпалдарын тигізуде.
Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының алқалы органдарының қаулыларын мен шешімдерін басшылыққа ала отырып, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіптік мүдделерін білдіру мен қорғау, кәсіподақ ұйымдарының ұйымдастырушылық қызметін нығайту жөніндегі жарғылық мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған нақты жұмыстарды жүргізіп келеді.
Атап айтқанда, жыл басынан бері Алматы облыстық ұйымына кәсіподақ мүшелерінен еңбекақыны есептеу, ұжымдық талаптарының орындалуына қатысты 228 өтініш түсті.
Оның ішінде жеке қабылдау арқылы - 37, әлеуметтік желілер мен телефон арқылы -191 өтініш қаралып, тиісті жауаптары берілді.
Әлемді жайлаған індеттің салдарынан елімізде төтенше жағдай жарияланып, білім саласында алғаш рет қашықтан оқыту тәжірбиесі енгізілді. Осы аралықта білім беру мекемелеріндегі тәрбиешілер мен кіші қызметкердің жалақысы бойынша мәселе көтеріліп, облыстық білім басқармасымен жасалған әлеуметтік әріптестік туралы келісімге сәйкес жалақы 100% төленіп, оң шешімін тапты. Бұл сала қызметкерлерін жігерлендіріп, кәсіподаққа деген сенімділігін арттырды.
Төтенше жағдай режимі жарияланған кезде қоғамдық бірлестіктің есебінен аз қамтылған, көпбалалы 120 отбасыға 800 мың теңге көлемінде азық-түлік себеттері табыс етілді.
Індеттің таралуына жол бермеу мақсатында жаңа оқу жылы қашықтан оқытылатын болды. Бұл кезеңге дайындық жұмысы басталысымен кәсіподақ ұйымы белсенділік танытып, 30 педагогқа 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге көлемінде қаржы бөліп, жеке компьютер сатып алуға материалдық көмек берді.
Болашағымыз білімді ұрпақтың қолында екенін ескеріп, «Мектепке жол» акциясы аясында оқушылардың нәтижелі білім алу жолдары қарастырылып, 20 смартфон сатып алынды. Жақын арада иелеріне табысталатын болады.
Сонымен қатар, COVID-19 және пневмониямен ауырған кәсіподақ мүшелеріне және қайтыс болған әріптестердің отбасыларына 1 825 000 (бір миллион сегіз жүз жиырма бес мың) теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Бұл шара алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Жоғарыда аталған игі бастамалар кәсіподақ мүшелері мен белсенділері арасындағы ынтымақ пен бірлікті көрсетіп, биік шыңдарды бағындыруға мүмкіндік берді. Әлі де атқарылар жұмыстар көп. Біз біргеміз. Бірлесіп бәрін жеңеміз.
С.Бакирова,Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері
кәсіподақ ұйымы төрағасының міндетін атқарушы