ГАЗЕТ-ЖУРНАЛДАРҒА МӘЖБҮРЛІ ТҮРДЕ ЖАЗДЫРУҒА ҚАТЫСТЫ
Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабы 2-тармағына сәйкес әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Демек, қандай бұқаралық ақпарат құралдарынан ақпарат алатынын азаматтар өздері анықтайды.
«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1- тармағына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін таратуды меншік иесінің шешімі бойынша оның өзі, не шарт негізінде немесе өзге де заңды негіздерде редакция, баспагер, сондай-ақ ұйымдар мен азаматтар жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 2-бабы 2- тармағында азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiнiң азаматтық құқықтарына өз еркiмен және өз мүддесiн көздей отырып ие болады және оларды жүзеге асырады, сондай-ақ егер заңнамалық актілерде өзгеше белгіленбесе, құқықтарынан бас тартады. Олар шарт негiзiнде өздерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн анықтауда және оның заңнамаға қайшы келмейтін кез келген талаптарын белгiлеуде ерiктi екені көрсетілген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 380-бабы 1-тармағында шарт еркіндігі принципінің мазмұны нақтыланған, яғни азаматтар және заңды тұлғалар шарт жасасуға ерiктi. Осы Кодексте, заң құжаттарында немесе өз еркiмен қабылдаған мiндеттемеде шарт жасасу мiндетi көзделген жағдайларды қоспағанда, шарт жасасуға мәжбүр етуге жол берiлмейдi.
Сонымен, белгілі бір газеттерге жазылымды азаматтарға рәсімдеу міндетті болуы үшін, мұндай міндетті қандай да бір тиісті заңнамалық актпен бекіту қажет. Ол кезде, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 399-бабына сәйкес басылымға жазылуды шартты түрде міндеттеуге мүмкіндік туындайтын еді. Алайда, басылымға жазылу міндеттемесі ешқайда бекітілмеген. Сонымен қатар, ол жоғарыда келтірілген ақпараттарды алу еркіндігінің нормаларына анық қарама-қайшы келер еді.
Сондықтан да, мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындар немесе жеке меншіктегі ұйымдардың қызметкерлері болсын бұқаралық ақпараттық құралдардың қандай да бір басылымына мәжбүрлі түрде жаздыруға құқұқтық негіздер жоқ.
Педагог қызметкерлерді мәжбүрлі түрде газет-журналға жаздыру жағдайлары жиі орын алатындықтан, олар үшін қосымша қорғау тетігі пайда болды. ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заңының 6-бабының 2-тармағы, 4-тармақшасына сәйкес, педагогке тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеуге жол берілмейді.
Бұл норманы бұзғаны үшін кінәлі тұлғалар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 409 бабының 7-3 тармағына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Мәжбүрлі түрде басылымға жазылудан бас тартқаны үшін жұмыс беруші қолданған кез келген санкцияға шағым жасалуы мүмкін.