ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ БІРҚАТАР МӘСЕЛЕЛЕРІ ОҢ ШЕШІМІН ТАПТЫ
"Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымы" ҚБ төтенше жағдай кезеңінде аймақтағы әлеуметтік әріптестерімен бірігіп еңбек заңнамасының, ұжымдық шарттардың орындалуына бақылауды күшейтті.
Ұйымның құқықтық қызмет жөніндегі мамандары ағымдағы жылдың 15 наурыз - 20 мамыр аралығында кәсіподақ мүшелеріне қашықтықтан құқықтық кеңес берді. Жазбаша түрде электронды поштаға 11 өтініш қабылданды, телефон, Facebook, Telegram, What’sApp желісі арқылы 300-ге жуық сауал түсті. Барлық өтініштерге заңды негізде уақытылы нақты жауаптары берілді.
Кәсіподақ мүшелерінен түскен сұрақтардың басым бөлігі жұмыстың бос тұрып қалу жағдайында жалақының төленуі, ақылы еңбек демалысының берілу тәртібі және есептелуі, ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заңы бойынша магистранттарға қосымша ақы төлеуге қатысты.
Салалық кәсіподақтың жергілікті ұйымы жүргізген жұмыстар нәтижесінде, Арал ауданындағы 3 балабақшада педагог қызметкерлердің жалақыларының қаңтар айынан бастап 25 пайызға көбейтілмегені анықталды. Жедел түрде кәсіподақ мүшелеріне тиесілі қаражат қайта есептелініп, нәтижесінде 2 172 389 теңге қаржы өндіріліп берілді.
Түсіндірме жұмыстарын жүргізу барысында ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап балабақша тәрбиешілеріне де 56 күн еңбек демалысы тиесілі екені ескертілді.
Облыстағы Бастапқы әскери дайындық және технология пәндері мұғалімдерінің лауазымдық жалақысын есептеу туралы өзекті мәселелер де өз шешімін тапты.
Аймақтағы орта білім беру ұйымдарының магистрлеріне осы кезге дейін қосымша ақы төленбегені анықталып, 39 магистрантқа қаңтар, ақпан және наурыз айларында алуы тиіс қаражаттары қайта есептеліп, нәтижесінде 1 033 890 теңге өндіріліп берілді.
Облыстағы бірқатар мекемелерде декреттік демалыстағы әріптетерінің оқу жүктемесін алмастырушы мұғалімдерге тиесілі сағаттары төленетін болды.
Кәсіподақ комитеті Шиелі аудандық балалар әуез мектебінің 16 мұғалімінің қысқартылған сағаттарын қайта қостырып, ұстаздарға барлығы – 747000 (жеті жүз қырық жеті мың) теңгенің төленуіне қол жеткізілді.
Алдағы уақытта бұл жұмыстардың барлығы қарқынды түрде жалғаса береді. Кәсіподақ мүшелерінің еңбек, әлеуметтік – экономикалық құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау әрдайым басты назарда бола бермек.
"Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері
кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымы" ҚБ