АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Жамбыл облысының білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы облыстық ұйымның Атқару комитетінің кезекті отырысын онлайн форматта өткізді. Оған аудандық және Тараз қалалық филиал төрағалары, маман-есепшілер мен заңгерлер, құрылымдық бөлім жетекшілері қатысты.
Жиында ең алдымен төтенше жағдай мен карантиндік шаралар кезеңінен кейінгі кәсіподақ ұйымының қызметін ұйымдастыру мәселесі сөз болды. Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков сындарлы кезеңнің сынағынан өту үшін мемлекет тарапынан жұртшылыққа жасалған жәрдемнен бөлек кәсіподақ мүшелерінің алдындағы еңбек қатынастарында туындаған мәселелерін құқықтық реттеу, лайықты жалақы төленуін қадағалау, материалдық көмек көрсету сынды міндеттерін орындағаны туралы айтты.
- Еліміз үшін сындарлы кезеңде мемлекетімізде қабылданған шаралар көп жағдайдың бетін қайтарды. Адам өмірінен артық қымбат дүние жоқ. Ал олардың еңбегі әрдайым лайықты бағалануы тиіс. Осы қағиданы ұстана отырып жұмыс берушілерге қызметкерлерді қолданыстағы еңбекақы көрсеткіштерімен қамтамасыз ету, оларды ақысы төленбейтін демалыстарға жіберуге жол бермеу, бос тұрып қалу түрінде рәсімдеу, жыл сайынғы ақылы еңбек демалыстарын беру және қолдану кезінде заңдылық режимін қамтамасыз еттік. Төтенше жағдай енгізілген мерзім ішінде еңбек қатынастарына байланысты 149 жазбаша, 2190 ауызша өтініштер түсіп, барлығы 2255 құқықтық қызмет көрсетілді. Бүгінге дейін мүшелік ұйымдар медициналық маска тіктіру, азық-түлік және тұрмыстық-гигиеналық заттармен қамтамасыз ету, жұмыс орындарын антисептикпен қамтамасыз ету, бір реттік материалдық көмек беру сынды барлығы 9449 800 теңгені құрайтын қаражатқа көмек жасады, - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, облыстық білім басқармасы мен жергілікті кәсіподақ арасында 2018-2020 ж.ж. жасалған Әлеуметтік әріптестік туралы Келісімге қосымшалар мен өзгертулер енгізіліп, қол қойылды. Қосымша келісім негізінде білім басқармасына қарасты білім беру ұйымдарындағы кітапхана қызметкерлерінің еңбек ақысын 35%, медициналық қызметкерлердің жалақысын 15-50%, қаржы-экономикалық қызмет мамандарының айлықтарын 50%-ға арттыруға қол жеткізілді. Бұл туралы алқалы жиын барысында мәлімет беріліп, аудандық филиалдарға жергілікті жерлерде осы құжаттың негізінде ұжымдық шарттарға өзгерістер енгізу тапсырылды.
Атқару комитетінің мүшелері жиындағы келесі бір мәселе - кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы өкілдері үшін 2020 жылға арналған сауықтыру шараларын ұйымдастыру туралы талқылады. Пандемия кезеңінде санаторийлер мен пансионаттардың емделушілерді қабылдауға дайын еместігі айтылды. Сәйкесінше, сауықтыру жоспарына да, сонымен бірге облыстық ұйымның жұмыс жоспары мен кәсіподақ мүшелерін оқыту жоспарына да енгізілген өзгерістер Атқару комитетінің мүшелерімен бекітілді.
Жиын қорытындысында Ерұлан Мағзымбеков мүшелік ұйымдардың жетекшілеріне одақ мүшелегі есебінің ревизиясын жүргізіп, оларды электронды мәліметтер базасына енгізу, салалық «Еңбекші» газетінің жазылымын ұйымдастыру, ақпараттық жұмысты жандандыру сынды бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-