ҰСТАЗ ЕҢБЕГІНЕ БЕРІЛГЕН БАҒА
Білім саласының дамуы бүгінде өркениеттің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші десек, қазіргі күні заманауи білім берудің талап үдесінен шығып жүрген ұстаздар қауымының еңбегі зор. Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаз. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп дана Абай атамыз айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі – шәкірттің болашақ азығы.
Талай түлектің жүрегіне мәңгілік із қалдырған жан – Жүсіпова Карима Әбдірахманқызы. Өскелең ұрпақтың өнегелі өмірі үшін жарқын болашағы үшін жанын аямайтын, бойында бар білім мен білігін сарп етіп, білгенін үйретуден жалықпайтын Карима Әбдірахманқызы ұстаздар отбасында дүниеге келген. Жұбайы Абай екеуі екі бала тәрбиелеп, оларға өнегелі ата-ана бола білді. «Ұлағатты үлкеннің ұрпағы үлгілі», дегендей Алмагүлді де анасының тәлімді жолының ізімен бүгінгі күнде ортамызда ағылшын тілінің мұғалімі болса, Әділбек өзі қалаған мамандықтың шебері атанып жүр. Ол өз ісін шексіз сүйетін, жаңашылықты жатсынбайтын, жөні де, жолы да бөлек тұлға. Шәкірттерінің бағбанына айналған Карима орыс тілі мен әдебиеті пәнінің ерен жүйрігі, тәжірибесі мол тіл жанашыры. Әрдайым ізденісте жүретін жанның алдынан қанат қаққан талай шәкірт қазір қоғамның белгілі мүшесіне айналып, өз орындарын тапты. Ұжыммен ынтымақтаса жұмыс жасаған Карима жастар үшін үлгі, қатарластары үшін білікті маман. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін осынау мамандықтың шынайы иесі болу үшін еңбектенген Карима Әбдірахманқызының сіңірген қызметі жоғары бағаланып, 2020 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұл – ұстаз еңбегіне берілген ең жоғарғы марапат.
№2 мектеп-гимназиясында орыс тілі мен әдебиеті пәнінен 35 жыл талмай дәріс беріп қана қоймай, ұжымда қай істің де ұйытқысы болып, білім мен тәрбие беруде өзіне және оқушыларға талап қоюмен қатар, олардың әрбір жетістігін қалт жібермейтін, білім теңізінен нәр алуға деген ынтасын арттыратын сезімталдық қасиеті ұстаз бойынан айқын сезіліп тұрады.
Шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі марапаттарға ие. Еңбегінің жемісін көріп отырған әріптесіміз Кариманы шын жүректен құттықтаймыз. «Жақсы ұстаз – шамшырақ» дегендей, ортамызда жарқырап, үлгілі ісімен оза шауып жүре берсін демекпіз!
Г.Аманжолова,Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы,
№2 мектеп-гимназиясыныңжоғарғы санатты кітапхана меңгерушісі
-
Фото
-