КОРОНОВИРУСПЕН КҮРЕСТЕ ТӘРТІП ПЕН БІРЛІК КЕРЕК
Әлемнің 177 мемлекетіне тараған індет елімізді де сарсаңға салуда. Қазақстанда төтенше жағдай жарияланып, карантин шаралары күшейгенімен ауру жұқтырғандардың саны күн сайын артып келеді. Індеттің алдын алу мен таралуына жол бермеу мақсатында Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы бірқатар шараларды жүзеге асыруда.
Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның тапсырмасына сәйкес коронавирус инфекциясымен күресу шараларын жүргізуге байланысты енгізілген шектеулер білім саласына тікелей әсер етті. Осы орайда, білім беру ұйымдарының қызметін ұйымдастыру, сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерінің еңбек қатынастарында туындайтын мәселелерін құқықтық реттеу сұрақтары шешімін тапқан Әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық салалық екіжақты комиссияның кезектен тыс отырысы өтті.
Әлеуметтік әріптестіктің арқасында қашықтықтан жұмыс атқару режимі көзделмеген білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне (педагогтарды қоса алғанда), олардың жазбаша келісімімен жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы кестеден тыс берілетін болды. Сонымен бірге, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын кестеден тыс беру мүмкін болмаған жағдайда қызметкерлер «мекеменің бос тұрып қалу» түрінде рәсімделіп, ол үшін төлем Ұжымдық шарт талаптарына сәйкес жүргізілетін болады. Бұдан бөлек комиссия білім беру ұйымына келмеу ұсынылған және қашықтықтан жұмыс істеу мүмкіндігі болмаған өзге де білім беру ұйымдарының педагогикалық және педагогикалық емес қызметкерлеріне ақылы еңбек демалысын кестеден тыс беру немесе «бос тұрып қалу түрінде» рәсімдеу шараларын қолдану туралы шешім қабылдаған болатын. Бүгінде Жамбыл облысында мәжбүрлеп жаппай ақысыз демалысқа жіберу жағдайлары тіркелген жоқ.
Төтенше жағдайға байланысты кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделеріне қатысты арыз-өтініштер мен шағымдарды қабылдау электрондық пошта мен әлеуметтік желідегі: facebook, instragam және whats app парақшалары арқылы жүргізілуде. Облыстық ұйымның 12 заңгері тәулік бойы кәсіподақ мүшелерінің еңбек қатынастарына байланысты туындаған сұрақтарына жауап беруде.
Республикада құрылған «Birgemiz» қоғамдық қорының негізінде Жамбыл облысында құрылған «Аулие-Ата парызы» қоғамдық қорына Кәсіподақ қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударды. Жалпы аударылған қаражаттың сомасы 329400 теңгені құрады.
Ағымдағы жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Филиалдары 2 млн. 340 мың теңгеге 10 800 медициналық маска тіктірді. Дәріханаларда медициналық масканың тапшылығына байланысты маскалар жұмыста жүрген қарауылдар, кіші қызметкерлер мен мектеп әкімшілігіне таратылуда. Сонымен бірге, кәсіподақ белсенділері маскаларды көпбалалы, аз қамтамасыз етілген отбасыларға, сала ардагерлеріне таратуда.
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің кәсіподақ комитетімен 120 000 теңгеге залалдандырушы антисептик алынып, оқу орнының ғимараттарында ПОҚ пен қызметкерлердің пайдалануына берілді.
Кәсіподақтың Талас аудандық комитетінің төрағасы Мадиярбек Миралиев осы бір қиын жағдайда жеке қаражатынан отбасында мүгедек адамдар бар 2 жанұяға әрқайсысы 15 000 теңгені құрайтын азық-түлік себетін сыйлады.
Кәсіподақтың облыстық ұйымы мен филиалдары короновирустық инфекцияның таралуының алдын алу және болдырмау шараларын әлі де жалғастыра беретін болады. Бұл міндетті іске асыруда тек тәртіп пен бірлік қана қажет екендігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Біз бірлікке бекем болып, тәртіпке бағынсақ қана бұл қиындықтан бірге шығамыз.
Біздің күшіміз - БІРЛІКТЕ!
«Еңбекші»-ақпарат
-
Фото
-