ЖАМБЫЛДАҒЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТЫҢ ЖЕМІСІ
10 наурыз күні Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева бастаған жұмыс тобы Жамбыл облысына келді. Сапар аясында жұмысшы топ мүшелері облыстың кәсіподақ активімен кездесіп, құрылысы аяқталған кәсіподақтың «Турист» қонақ үйінің қызметімен танысты.
Кәсіподақтың қаржылық қауқарын күшейтіп, ең бастысы сала өкілдері үшін пайдалы болатын экономикалық жоба ретінде ашылып, техникалық режимде жұмыс істеп тұрған «Турист» қонақ үйі кешеніндегі ұйым қызметінен сыр шертетін фотокөрмені тамашалаған қонақтар атқарылғанжұмысқа оң бағасын беріп, сәттілік тіледі.
Мұнан соң Кәсіподақ үйінің мәжіліс залында Тараз қаласы мен аудандық Филиал мәртебесіндегі кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, кәсіподақтың аймақтық құқықтық инспекторлары, тікелей бағыныстағы құрылымдық бөлімше жетекшілерімен кездесу өтті.
Іс-шарада сөз алған Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков әулиеаталық кәсіподақ ұйымының қызметі туралы баяндап, қонақтарды былтырғы жылғы жетістіктерімен таныстырды.
- 2019 жыл бойында құқықтық қызмет заңгерлерімен 568 тексеру жүргізіліп, 1830 еңбек заңдылығын бұзушылық анықталды. Инспекцияға кәсіподақ мүшелерінен 440 жазбаша өтініш түсіп, жеке қабылдауда 2753 адам болды. Құқықтық инспекция заңгерлерімен сотқа 41 материал дайындалған, соттың түрлі инстанцияларында 47 кәсіподақ мүшесіне тегін өкілеттік етілді. Барлығы 7922 құқықтық қызмет көрсетіліп, қате есептелген жалақы және өзге де олқылықтарды жою мен алдын алу арқылы сала өкілдеріне келген жалпы экономикалық тиімділік көрсеткіші 411 млн.тг. құрады, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Жиында «Тараз-Профсоюз-Турист» және «Қорғау-Тараз-2005» ЖШС-нің басшылары 2019 жылы атқарылған жұмыстардың есебін беріп, жоспарларымен бөлісті. Мазмұнды баяндамалардан соң күн тәртібіне сай «Педагог мәртебесі туралы» ҚР заңын тәжірибеде қолданудың өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Алқалы жиында сөз алған салалық кәсіподақ төрайымы Айгүл Мұқашева жиналғандарға ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заңы туралы түсінік беріп, бас құжатта қарастырылған өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды. Олардың арасында кәсіптік білім беру мекемелеріндегі оқытушылардың категориясы, 25 пайызға өскен жалақыны есептеу мәселесі, магистрларға қаңтар айынан бастап төлене бастаған үстемақы мен тәлімгерлікке байланысты ақпараттар бар.
- Биылдан бастап педагогтардың жалақысы 25 пайызға өскенімен, олар оны сезінбеуде. Еңбекақыны есептеу барысында есепшілер тек 1 ставкаға ғана көтермелеуді қосуда. Негізінде жалақы жүктемеге сай қосылуы керек. Осы мәселені дұрыс түсіндіру қажет, - деді Айгүл Мақсатқызы.
Кәсіподақ активі тарапынан туындаған сұрақтарға Салалық кәсіподақ ұйымының төраға орынбасары Виктор Беженаров пен ұйымның құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева жауап берді.
Жиын соңында бір топ кәсіподақ белсенділері «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және салалық кәсіподақтың «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Айгүл Мұқашева «Jambyl» телеарнасындағы «Prime time» және «77» телеарнасындағы «Өзекті» бағдарламаларына қатысып, мұғалімдердің құқығын қорғау, оларды әлеуметтік қолдау мен еңбекақысын көтеру, педагогтің кәсіби өсуіне жағдай жасау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарына қатысты сұқбат берді.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-