ЖАМБЫЛДЫҚТАР ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАП, ҮЗДІКТЕРДІ МАРАПАТТАДЫ
Өткен жұмада Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының кезекті Атқару комитетінің отырысы Алматы қаласында орын алған қайғылы оқиғада көз жұмған марқұмдарды еске алуға арналған бір минуттық үнсіздікпен басталды. Жиынға қатысқан облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Мейрамбек Төлепберген биылғы жыл еліміздің кәсіподақтар қозғалысы үшін табысты болғанын атап өтіп, барша кәсіподақ белсенділеріне мінсіз қызметі үшін алғысын жеткізіп, кәсіподақтың Талас аудандық комитетінің төрағасы Мадиярбек Миралиевтің омырауына «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» белгісін тақты.
Мұнан соң жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков Атқару комитетінің күн тәртібіндегі қаралуы тиіс мәселелерге тоқтала отырып, биылғы жылы қол жеткен жетістіктерді айтты.
- Биылғы жылы біз кәсіподақ қызметінің ішкі жұмыс жағдайына, оның ішінде кадр құрамына, әлеуметтік әріптестікті жетілдіруге, кәсіподақтың құқықтық қызметінің пәрменділігін арттыра түсуге, кәсіподақ активі мен одақ мүшелерінің кәсіби біліктілік деңгейі мен құқықтық сауатын көтеруге, кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру шараларының тартымды бола түсуіне, ақпараттық жұмысты жақсартуға күш салдық. Облыстық комитеттің өткен 2 Пленумы мен Атқару комитетінің 10 отырысында кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауды күшейту, әлеуметтік әріптестік пен ұжымшарттық жұмысты жетілдіру, ынталандыру, мүшелік базаны арттыру, кәсіподақ ұйымдарының құқық қорғау қызметінің тиімділігін көтеру, қаржылық қызметті ұтымды жүргізу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Өз сөзінде төраға кәсіподақтық инспекция құқықтық көмек көрсетумен қатар тиісті қоғамдық тексерулер ұйымдастыру арқылы құқықбұзушылықтың алдын-алуда таптырмас құралға айналғанын атап өтті.
- 2019 жыл бойында құқықтық қызмет заңгерлерімен 407 тексеру жүргізіліп, 1344 еңбек заңдылығын бұзушылық анықталды. Құқықтық қызметтің белсенді әрекеттерінің нәтижесінде 11 кәсіподақ мүшесіне қатысты жұмысқа қайта орналастыру мен заңсыз жұмыстан босатудың алды алынды. Тікелей инспекцияға кәсіподақ мүшелерінен 302 жазбаша, 5503 ауызша өтініш түсіп, жеке қабылдауда 2048 адам болды. Құқықтық инспекцияның заңгерлерімен сотқа 38 материал дайындалған, соттың түрлі инстанцияларында 63 кәсіподақ мүшесіне тегін өкілеттік етілді. Қате есептелген жалақы және өзге де олқылықтарды жою мен алдын алу арқылы 136 млн.теңге қаражат сала өкілдеріне өндіріліп берілді, - деді Ерұлан Мағзымбеков.
Төрағаның баяндамасына сәйкес биылғы жылы тек облыстық оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен 21 семинар ұйымдастырылып, онда 623 сала қызметкерлері мен жұмыс берушілер кәсіподақтық оқумен қамтылған. Кәсіподақ жарғысына сәйкес 2019 жылы 4100 сала қызметкері мен олардың отбасы өкілдері әртүрлі сипаттағы сауықтыру шараларымен қамтылып, оған 101,7 млн.теңге кәсіподақ қаржысы бағытталған.
Өз сөзін қорыта келе Ерұлан Мағзымбеков жаңа жылда да атқаратын шаруа шаш етектен екендігін айтып, жоспарларымен бөлісті.
Жиын барысында 2019 жылдың қорытындысы бойынша қызметтегі кәсіби жетістіктері мен кәсіподақ қозғалысындағы сүбелі еңбегі үшін бірқатар кәсіподақ қызметкерлері марапатталды. Атап айтар болсақ Т.Рысқұлов аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Айнұр Баймұратова «Үздік төраға», Талас ауданы бойынша құқықтық еңбек инспекторы Әділ Смағұлов «Үздік заңгер», «Еңбекші» газетінің Бас бухгалтері Айгүл Егембердиева «Үздік қаржыгер», Кәсіподақтың Меркі аудандық комитетінің көлік жүргізушісі Ербол Наяткадаев пен «Тараз-Профсоюз-Турист» ЖШС-нің жұмысшысы Ерлан Нұрмаханбетов «Үздік қызметкер» номинациясы бойынша марапатталды. Барлық марапатталушыларға 2020 жылға шипажайға жолдама берілді.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-