Салтанатты шара
«Елдің дамуы оның білім беру жүйесі арқылы бағаланатын болады» деген Елбасының сөзі жайдан-жай айтылмаса керек-ті. Себебі мемлекеттің мерейін өсіріп, мәртебесін арттыратын адам болса, ол – ұстаз. Білім мен тәрбиенің тал бесігін қатар тербетіп жүрген осынау мамандық иелерінің еңбегін бағалап, қоғамдағы мәртебесін көтеру мақсатында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен 2019 жылдың 25 желтоқсанында «Кәсіподақ – қозғаушы күш: жаңа міндет, жаңа бағыт!» атты дәстүрлі түрде салтанатты шара өтті.
Ұлтқа мақтаныш, ұжымға сыйлы болып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде талмай еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымын марапаттау рәсіміне облысымыздың барлық өңірлерінен жүзге жуық ұстаз қатысты. Салатанатты шарада кәсіподақ төрайымы Раушан Серікова ұстаздарға деген ыстық ықыласы мен құрметін білдіріп, еңбектеріне табыс тіледі. Мерекелік шара әрі қарай марапатпен ұласып, 100-ден астам ұстаз марапатталды. Білім саласының дамуына зор үлес қосқан ұстаздарға «Еңбек ардагері» медалі, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тағылып табысталса, сонымен қатар, еңбегі еленген педагогтеріміз бен кәсіподақ көшбасшылары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің және Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Жылдағы дәстүрге сәйкес облыстық кәсіподақ есебінен білім беру ісіне сүбелі еңбек сіңірген 50 ұстазға Ақтөбе облысының білім басқармасы мен Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының бірлескен екіжақты марапаты мен қысқы каникулы кезінде облыстық кәсіподақ есебінен шипажайлық-курорттық емделулерге жолдамалар тапсырылып, және де бірқатар ұстаздар ақшалай сыйақыларға ие болды.
Шараның соңында ғылым да, шахтер де бас иетін ұстаздар қауымына ән арналып, мерекелік кештің көркін қыздырды.
Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп Ы.Алтынсарин айтқандай, шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел ертеңін кемел біліммен тәрбиелеп жүрген парасатты жандарды қанша ұлықтасақ та артық етпейді. Осынау жандарға тілеріміз: еңбектеріңіз еленіп, мәртебелеріңіз арта берсін демекпіз.
«Қазақстандық салалық білімжәне ғылым қызметкерлері
кәсіптікодағының Ақтөбе облыстық ұйымы» ҚБ