АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС АУҚЫМЫ АТҚАРУ КОМИТЕТІНДЕ АЙТЫЛДЫ
Желтоқсанның алтыншы жұлдызында Кәсіподақ үйінің Мәжіліс залында Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Атқару комитетінің кезекті отырысы өтті. Аудандық және Тараз қалалық филиал төрағалары, құқықтық еңбек инспекторлары мен комитет мүшелері қатысқан алқалы жиынды Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков жүргізді. Атқару комитетінің мүшелері күн тәртібін бекіткеннен кейін дайындаған жобалық құжаттармен танысып, әр сұрақ бойынша талқылау жасап, нақты шешімдер қабылдады.
Күн тәртібіне сәйкес алғашқы болып кәсіподақтың аймақтық құқықтық еңбек инспекторлары - Тараз қаласындағы Ғазиз Оспанов пен Талас ауданы бойынша Әділ Смағұловтың сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерін құқықтық қорғау жұмысын ұйымдастыру жағдайы туралы есептері тыңдалды. Баяндалған мәліметке сәйкес Ғазиз Оспанов 2018 жылдың шілде - 2019 жылдың қараша аралығында 81 тексеру жүргізген. Тексерулердің қорытындысы бойынша барлығы 125 заңбұзушылық анықталған. Есепті мерзімде инспектордың тікелей араласуымен 2 қызметкер жұмысқа қайта орналастырылған. Осындай нәтижелі тексерулердің, ұсыныстардың, келіссөздердің қорытындысы бойынша Кәсіподақтың Тараз қаласы бойынша құқықтық инспекторымен 26 389 798 теңге көлемінде кәсіподақ мүшелерінің пайдасына экономикалық эффект келтірілді.
Ал Әділ Смағұлов 2018 жылдың II жарты жылында - 13, 2019 жылдың 11 айында 54 тексеру жүргізіп, 281 құқық бұзушылық анықтаған. Келіп түскен арыз-шағымдар және тексеру қорытындысы негізінде кәсіподақ мүшелеріне тиген экономикалық әсер көлемі 2018 жылдың 2 жарты жылдығында 106 182 теңгені құраса, 2019 жылдың 11 айында 59 801 429 теңгені құрап отыр.
Келесі болып Атқару комитетінің мүшелері Меркі және Т.Рысқұлов аудандық комитеттеріндегі ақпараттық жұмыстың жағдайы мен кәсіподақ белсенділерінің оқуын ұйымдастыру жұмысын қарады. Cонымен бірге Байзақ және Талас аудандық ұйымдарының сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы өкілдері үшін сауықтыру шараларын ұйымдастыру жұмысы да қаралды. Зерделеу нәтижесінде Байзақ аудандық комитеті 74 бастауыш кәсіподақ ұйымына біріккен 5326 кәсіподақ мүшесіне 178 дана жолдама берген. Ал Талас аудандық кәсіподақ комитеті 2019 жылы кәсіподақ мүшелерін және олардың отбасы өкілдерін сауықтыру мақсатына 43 дана жолдама бөлген. Жолдамалар толық игеріліп, сала өкілдері сауықтырылған. Екі филиалда да сұраныс негізінен «Сарыағаш», «Меркі-Радон», «Манкент», «Ақниет», «Самал-2», «Тараз-Ресорс-Спа», «Айша бибі» және «Жаңақорған» шипажайларына болған.
Атқару комитеті қаралған әрбір сұрақ бойынша тиісті қаулы қабылдады. Қаулыға сәйкес барлық филиалдарға нақты тапсырмалар берілді. Жиынды қорытындылаған Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков анықталған кемшіліктерді тез арада жою мен кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау жұмысында белсенділік танытуға шақырды.
Перизат БАҚЫТ,
ЖАМБЫЛ облысы
-
Фото
-