Көркемсурет лицейіндегі дөңгелек үстел
Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Көркемсурет лицейінде бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен 25.11.2019-10.12.2019 аралығында «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты іс-шаралар аясында «Қатыгездіксіз және зорлық-зомбылықсыз бақытты өмір» тақырыбында ата- аналар мен лицей мұғалімдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді. Шараның мақсаты отбасындағы және қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау, біздің қоғамда әр ананың, әр әйелдің бақытты өмір сүріп, саналы ұрпақ тәрбиелеп, алдына қойған мақсаттарына жетуіне ықпал жасау болып табылады. Шарада әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы айтылып, оның туындау себебі талқыланды. Шараға қатысушы ата-аналар мен мұғалімдер қоғамдағы әйел адамдарға көрсетілетін әлімжеттік пен әділетсіздік туралы,олармен күресу туралы, әйел азаматтардың психологиялық әлсіздіктері туралы айтып өзара пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар, әйел-ана ретінде отбасындағы балалардың бақытты өмір сүріп, жеке тұлға болып қалыптасуында ананың орны орасан зор екендігін ескере отырып, әйелдердің құқығын қорғау, әйелдердің қоғамдағы, отбасындағы беделін арттыру мәселелері туралы өз ойларын білдірді. Және де жас мамандарымен «Зорлық-зомбылыққа жол берілмейді» тақырыбында отырыс өткізілді. Отырыста қатысушылар әйел адамдарға қатысты зорлық-зомбылық туралы, олардың алдын алу, болдырмау туралы өз пікірлерін ортаға салды. Біздің елімізде әр адамның жеке құқығы заңмен қатал қорғалатындығы, ешкімнің де әйелдердің жеке құқығына қол сұғуына, қиянат жасауына жол берілмейтіндігі туралы айтылып, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың туындау себептері мен оларды болдырмау жолдары жан-жақты талқыланды. Лицей директоры Д.Төлеубаев өткізілген шараларға атсалыса қатысқаны үшін алғысын білдіріп әр әйелге денсаулық, отбасы бақытын, ана бақытын, уайымсыз бақытты ғұмыр тіледі.
«Қазақстандық салалық білім
және ғылым қызметкерлері кәсіптік
одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» ҚБ