Алакөл ауданында бастауыш кәсіподақ төрағаларына арналған семинар өтті
Кәсіподақтың негізгі бағыттарының бірі- кадрлар және активін оқыту болып табылады. Бұл бағытта Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы жоспар құрып, биылғы жылдың өзінде Ескелді және Қаратал аудандарында семинар өткізілген болатын.
Жоспарға сәйкес қызметкерлердің біліктілік деңгейін арттыру, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған шара ағымдағы жылдың 15-16 қараша күндері Алакөл ауданында жалғасын тапты.
Бастауыш кәсіподақ төрағаларына арналған семинар Қабанбай ауылындағы №1 орта мектептің базасында, келесі күні Үшарал қаласы, №1 орта мектебінде өтті. Оған облыстық кәсіподақ ұйымының бас мамандары Маржан Жұмабек, Ләйлә Сағынғалиқызы, Айгүл Арымбаева және Марат Ибраимов қатысты.
Жиынды Алакөл аудандық филиалының төрағасы Кенжебек Алпысбаев жүргізіп, 66 бастауыш кәсіподақ ұйымында 3861 мүшесі барын жеткізіп, келген қонақтарды көпшілікке таныстырды. Алматы облысы бойынша 2019-2020 оқу жылы - «Бастауыш кәсподақ ұйымының жылы» деп, жарияланғанын жеткізіп, кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандардыру мақсатында әр айдың үшінші жұмасында «Бастауыш кәсіподақ ұйымындағы бір күн» шарасын ұйымдастырып, әдістемелік көмек көрсетіліп жатқанын тілге тиек етті.
Келесі кезекте сөз алған Алматы облыстық ұйымының бас маманы Маржан Жұмабек кәсіподақ ұйымының идеологиялық жұмысының жанданғанын жеткізіп, өткен жылдан қарағанда шаралардың ауқымы кеңейгенін, облыстық ұйымның, аудандық, қалалық филиалдардың ұйытқы болуымен биылғы жылдың он айлығында 680 шара ұйымдастырғанын және бұқаралық ақпарат құралдарына 1133 мақала жарияланғанын жеткізді. Әлі де болса, жұмысты толық жүйелеу үшін жоспарды құру, шараны өткізу, оны БАҚ-қа жариялау сынды жұмыстарда бастауыш ұйымдардың белсенділігін арттыру керектігін айтып, идиологиялық жұмысты жан-жақты түсіндіріп берді.
Алматы облыстық кәсіподақ ұйымының бас есепшісі Айгүл Арымбаева бастауыш кәсіподақ ұйымдарындағы қаржылық жұмыстардың жүзеге асыру процестерін және құжаттардың дұрыс жинақталуын айтса, облыстық ұйымның бас маманы Ләйлә Сағынғалиқызы кәсіподақ ұйымдары есеп беру-сайлау жиналыстары толық өтіп, жаңа құраммен бір жылға жуық жұмыс істелгенін айтып, жиындардың өтілуі және дұрыс рәсімделуі, іс номенклатурасына сәйкес құжаттардың жинақталуы жайын сөз етті.
Ал, заңгер Марат Ибраиов болса, кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғалуы, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі инспекторларының жұмысына тоқталды.
Аудандық филиалға қарасты белсенді кәсіподақ төрағалары Айжан Есжанова, Ирина Сриникова өз тәжірибелерімен бөліссе, облыстық ұйымның мамандары кәсіподақтың ұйымдастыру, идеологиялық, қаржылық – шаруашылық және іс қағаздарының жүргізілу ретін бойынша семинар қатысушыларымен кері байланыс жасап, туындаған сұрақтарға заң аясында жауап берді.
Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері
кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-