ҮЗДІК КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫСЫ
Кәсіподақ қозғалысын жетілдірудегі жастардың рөлін арттыру, бастамашыл және дарынды жас кәсіподақ көшбасшыларын анықтау, оларды белсенді кәсіподақ қызметіне тарту және кәсіби деңгейінің жоғарылауына жағдай жасау мақсатында Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен «Ең үздік кәсіподақ көшбасшысы-2019» облыстық байқауы өтті. Марс Уркумбаев атындағы Жастар сарайында өткен көшбасшылар байқауына кәсіподақ мүшелігіндегі мекемелер мен ұйымдардың бастауыш ұйым төрағалары қатысып, парасатты білім мен зияткерлік, ораторлық шеберлік пен еңбек заңдылығы бойынша білімдерін сынады. Байқау шарты бойынша үміткерлерге қойылған ең алғашқы талап ол – кәсіподақ төрағалығының өтілі 1 жылдан кем болмауы мен жасының 35 жастан аспауы болатын.
Қазылар алқасы ең алдымен үміткерлердің портфолиоларын бағалады. Жинақ папкасын әзірлеуде үміткерлер өздері төрағалық ететін бастауыш жұмысын, ұжым жетістіктеріндегі өзінің жеке үлесін, кәсіподақ мүшелігімен қамтылу мен әлеуметтік әріптестіктің үлгісін көрсетуге басымдық берген. Сонымен бірге, қазылар алқасы кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру бағдарламасының болуы мен фото және видео материалдардың, БАҚ жариялынымдары мен әдістемелік құралдардың қоса берілуін назардан тыс қалдырмады.
«Кәсіподақ көшбасшысының автопортреті» атты кейінгі кезеңде үміткерлер заманауи техникалық құралдарды пайдалана отырып өзі мен бастауыш ұйымды таныстырды. Бірі сахналық қойылым қойса, екіншісі ән мен жырдан шашу шашты, үшіншісі арнайы ролик көрсетсе, енді бірі презентация арқылы өздерінің жеткен жетістіктері мен көшбасшылық қабілеттерін, өзі жетекшілік ететін бастауыш кәсіподақ ұйымының озық жұмысын көрсете білді. Ал «Құқықтық жағдаят» атты бөлімде қатысушылардың өз кәсіби қызметін жүзеге асыруға қажетті ҚР заңнамалары мен Кәсіподақтың жарғылық құжаттарын меңгеру, осы тәжірибені ұжымдағы дау-дамайлы жағдайларды шешуде пайдалана білу тәжірибесі анықталды. Барлық үміткерлер еңбек және салалық заңнама бойынша тест тапсырып, құқықтық білім деңгейлерін дәлелдеді.
Байқау шарты бойынша алдын-ала жұптасқан жас көшбасшылар пікір сайыс алаңында кәсіподақ қызметі мен оның қоғамдағы орны мен рөліне байланысты өзекті де түйткілді проблемаларды талқылап, өз ұстанымдарын білдіріп әрі қорғап шықты. Қатысушылар «Жастар саясаты туралы» Заңда жастардың барлық мәселелері қарастырылған, «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы педагогтардың мәртебесін көтереді, «Кәсіподақ ұйымы өз мүшелерін қорғауға қауқарлы» және «Кәсіподақ ұйымдарына ұжымдық шарт қажет емес» деген тақырыптар аясында пікір таласып, ұтымды ойлар мен ойлы ұсыныстар айта білді.
Қазылар алқасының әділ шешімі бойынша Сарысу ауданы, Үшбас негізгі мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Дәулет Рысдәулет Бас жүлдені иеленіп, 100 000 теңгелік сертификатты қанжығасына байлады. Ал Т.Рысқұлов ауданы, М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айгүл Тагибаева І орынды иеленіп, ұйымдастырушылар тағайындаған 80000 теңгелік сертификатқа ие болды. Жеңімпаздар қатарынан табылған Кәсіподақтың Біріккен комитетінің «Мейірім» арнайы түзету мектеп-интернатының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Алтынай Алмабекова ІІ орынды, Байзақ ауданы Жаңатұрмыс орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнұр Мейірбекова ІІІ орынды иеленді. Олар 70000 және 60000 теңгелік сертификаттарға ие болып, қошеметке бөленді.
Қазылар алқасының ұйғарымы бойынша қатысушылар «Үздік спикер», «Жаңа есім», «Шебер ұйымдастырушы», «Ізденімпаз көшбасшы», «Жаңалық жаршысы» сынды номинациялармен аталып өтілді. Барлық қатысушылар одан бөлек 30000 теңгелік қаржылай марапаттарға ие болды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-