ЖАС ПЕДАГОГТЕРДІҢ ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМЫ
Қай қоғамда да келер күннің кепілі ретінде сол кезеңнің жастары аталады. Болашақ – жастардың қолында. Биылғы «Жастар жылының» шеңберінде әрі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы аясында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында жас педагогтерді кәсіби тұрғыда қолдау бойынша жоспарлы жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді.
Әлеуметтік әріптестермен бірге институттың ұйымдастыруымен шығармашыл жас педагогтерді анықтау, олардың үздік идеяларына, бастамаларына қолдау көрсету, жас мамандарға педагогикалық-психологиялық және әдістемелік тұрғыда көмек беру мақсатында «Білім мазмұнын жаңарту: жас мұғалімдердің үздік идеялары» атты облыстық форум өткізіліп, оған облыстан 200-ден аса жас педагогтер қатысты.
Форумның ресми бөлімінде «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» ҚБ төрайымы Баймбетова Тарбия Анайбековна марапаттады. Биыл бұл конкурсқа облыс педагогтері белсенділікпен қатысып, 56 мұғалім жүлделі орындарға ие болып, конкурстың республикалық кезеңіне жолдама алды. Бір айта кетерлігі, бұл конкурсқа биыл жас педагогтер белсенді түрде қатысты. Форумда бойларынан жастық жігер есіп тұрған жаңашыл жастардан құралған командалар білім мазмұнын жаңарту бойынша өздерінің үздік идеяларын ұсынды. Олардың бағалау жүйесінде ұлттық құндылықтарды пайдалану, сандық білім беру ресурстарын қолдану, үй тапсырмасын беруде әлеуметтік желілерді қолдану, ата-анамен байланысты жаңа форматта жүзеге асыру, т.б. батыл идеялары әріптестері тарапынан үлкен қолдауға ие болды.
«Заманауи мектептегі жас мұғалім: жаңартылған білім беру мазмұны жағдайындағы кәсіби өсудің алғышарттары» тақырыбымен өткен пікірталас алаңында жас мұғалімдер БМЖ бойынша білімдерінің кеңдігін көрсетті. Форумның практикалық бөлімінде институт тренерлері жас мамандарға жаңа әдістеме бойынша шебер-сыныптарын, тренингтер өткізіп, «ROAD-SHOW» форматында кеңестер берді.
«Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады», - деп, К.Ушинский айтқандай, мұғалім өмір бойы кәсіби тұрғыда өзін дамытып отыруы керек.
-
Фото
-