Батыс Қазақстан облысында ұстаздардың тамыз кеңесі өткізілді
Орал қаласындағы Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театрында білім беру жүйесі қызметкерлерінің тамыз педагогикалық конференциясының пленарлық отырысы өтті.
Конференция аясында «Негізгі стратегиялық бағдар тұрғысында білім беру жүйесін дамыту: жетістіктер мен перспективалар» тақырыбында көрме ұйымдастырылды. Биыл «Білім және ғылым» деп аталған тамыз кеңесін БҚО білім басқармасының басшысы Айымгүл Тржанова ашып, өз сөзінде, жаңа оқу жылы қарсаңында өткен жылға талдау жасап, алға қойған міндеттерді айқындау мақсатында тамыз кеңесін өткізу дәстүрге айналды. Биыл республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы білім саласын дамыту мәселелерін қозғап, алдағы уақытта шешетін міндеттерді қойды. Білім беру жүйесінің мақсаттары мен міндеттері еліміздің стратегиялық бағдарламаларын дамытумен сәйкес келуі керек. Білім саласын дамытудың негізгі векторлары Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясында, жыл сайынғы жолдауда, мемлекеттік бағдарламаларда белгіленген. Бүгінгі конференция білім саласына қатысты тың пікірлер мен толғамдар айтылатынына сенімдімін, - деді Айымгүл Мақсотқызы.
Батыс Қазақстан облыс әкімі Ғали Есқалиев те құттықтап, - Жаңа оқу жылына сәттілік тілеп, оқу жылын бастауға бағыт-бағдар беретін дәстүрлі тамыз конференциясының маңызы ерекше. Республикалық тамыз конференцияциясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласы бойынша келер жылдары шешетін міндеттерді анықтап берді. Бұл міндеттерді өңірде орындау үшін жүйелі жұмыс жүргізіледі.
Біріншіден, облыстың білім беру саласының бюджеті қазір 72,2 млрд. теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,8 млрд. теңгеге артық және облыстық бюджеттің 37 % құрайды. Бюджет өсімінің 60 % -ы педагогтардың еңбекақысының көтерілуіне жұмсалса, 40 % -ы білім беру ұйымдарының метериалдық – техникалық базасын жаңартуға және жаңа жобаларға бағытталған.
Облыста жаңартылған білім беру бағдарламасымен сабақ беретін 11 мыңнан астам педагогтың еңбекақысына 30 % үстем ақы, аттестациядан өткен 7 мың педагогтың жалақысына қосымша ақы төленеді.
Екіншіден, 2018 – 2019 жылдары 8 білім объектісі пайдалануға берілді. 2019 жылы республикалық бюджет есебінен Ақжайық ауданындағы 100 орындық интернатымен 300 орынға арналған Абай мектеп гимназиясының және Орал қаласында 900 орындық № 51 мектебінің құрылысы да басталды. Казталов ауданы орталығындағы 600 орындық Алма Оразбаева атындағы мектептің құрылысы да басталады. Сонымен қатар, Орал қаласында 900 орындық № 52 және 300 орындық № 33 мектептің құрылысына жобалау – сметалық құжаты әзірленді – деп облыс әкімі баяндады.
Бас қосудың пленарлық отырысынан кейін Батыс Қазақстан облыстық білім беру басқармасы және Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұсынысымен бір топ ұстаз «Ы.Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, ҚР білім және ғылым министрлігінің және БҚО әкімінің Құрмет грамотасы, алғыс хатымен марапатталып, әкімшілік және кәсіподақ тарапынан гүл шоқтары мен заттай бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Атаулы шарада білім беру жүйесіндегі ұзақ жылғы табысты еңбектері ескеріліп, Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Марат Даупаев және Салалық кәсіподақ кеңесінің мүшесі, Ақжайық аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Максим Умбеталиев «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН БІЛІМ ЖӘНЕ
ҒЫЛЫМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КӘСІПОДАҒЫ
-
Фото
-