Алматы облыстық ұйымының Кеңес отырысы өтті
Бүгін Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы Кеңес отырысын өткізді. Оған аудандық, қалалық кәсіподақ филиалдарының төрағалары, есепшілері, мамандары және оқу орындарындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Жиында Алматы облыстық кәсіподақ ұйымының 2019 жылдың бірінші жартыжылдығы, аудандық, қалалық кәсіподақ филиалдарының атқарған ақпараттық жұмысының қорытындысы және ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Аталған шараны облыстық ұйымның төрағасы Садық Әбдіқадыров жүргізіп, республикалық Тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласына қатысты айтқан бастамаларын кәсіподақ мүшелеріне жеткізді. Кәсіподақ тарапынан ұстаздар қауымының тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндігінше жағдай жасау мәселесін қарастырып, ұйымның жаңа оқу жылындағы мақсаттары мен міндеттерін нақтылады.
Алқалы органның күн тәртібіне сәйкес облыстық ұйым төрағасының орынбасары Нариман Естібайұлы қоғамдық бірлестіктің бірінші жартыжылдықта атқарған жұмысын баяндады.
Екінші мәселе бойынша облыстық ұйымның мамандары аудандық, қалалық филиалдардың ақпараттық және қаржылық - шаруашылық жұмыстарына тоқталып, жұмысты жандандыру үшін бірқатар ұсыныстар енгізді. Отырыс соңында дайындалған қаулылар бір ауыздан қабылданды.
Сонымен қатар, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен Бақытжан Ескендіров, Күлән Шыныбаева және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен Нұрдәулет Шәкәрімұлы марапатталды.
Алматы облыстық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-