«Мектепке жол» акциясы жалғасын табуда
Жыл сайын Қазақстанда жаңа оқу жылының қарсаңында республикалық «Мектепке жол» акциясын өткізу дәстүрге айналған. Өткізіліп жатқан шараның басты мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің балаларын мектепке қажетті киім-кешек, оқу құралдары, кеңсе тауарларымен қамту.
Биылғы жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына жаңалықтар енгізілмек. Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі мен «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі бірлесіп, онлайн түрінде көмек көрсету механизмін жүзеге асырады. Аталған шара осы өзгерістің нәтижесінде жыл бойы ұйымдастырылмақ.
Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы бастаған акциясын Панфилов аудандық филиалы жалғастырды.
Акция аясында ауданға қарасты Сатай батыр, Байбатшаев, Д. Рақышев, Абай атындағы және Қызылжиде бастауыш мектебі, Көктал, Еңбекші, Дарбазақұм орта мектептерінің оқушыларына қажетті киім –кешектер мен құрал-жабдықтар табыс етілді.
Шара барысында Панфилов аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Мақытбек Әділұлы сөз алып, мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы қадағалануда және бүгінгі күні білім ордаларындағы ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын екендігін айтты. Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында кәсіподақ тарапынан «Мектепке жол» акциясы қарқынды түрде ұйымдастырылып жатқанын жеткізді.
Былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы жылы көмек алушылардың саны алтыға ұлғайған. Акцияның өткізілу барысында көп балалы аналар көмек көрсетушілерге алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
«Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы»
қоғамдық бірлестігінің Панфилов аудандық филиалының маманы У. Нурбай
-
Фото
-