Әрбір ұстаз - бір жұлдыз!
Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен Түркістан облысы «Таң нұры» демалыс орталығында «Әрбір ұстаз - бір жұлдыз!» тақырыбында 100 жас кәсіподақ белсенділерінің жазғы лагері өткізілді.
Жанға жайлы, тәнге шипа, әсем табиғат аясында, таудың етегінде жас ұстаздар спорттық жаттығулардан бастап, бойларына ерекше күш-қуат жинады.
Лагерьдің ашылу салтанында «Кәсіподақ - менің қолдаушым!» тақырыбында аудандық кәсіподақ жастар қанатының үгітбригадалары өнер көрсетті. Кәсіподақ белсенділері Жастар жылы, кәсіподақ тақырыптарында туындыларын ортаға салып ұрандатып, өз өнерлерімен ерекшеленіп, әр ұстаз бір жұлдызға лайық іс-әрекет көрсете білді.
Жас педагогтардың көшбасшылық, кәсіби қабілеттерін дамытуға және жобаларды жүзеге асыруды үйренуге бағытталған семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Оқулар жас маманға тәжірибе жинақтауға, тұлғааралық қарым-қатынас этикасын сақтай отырып, нақты мақсат қоюға, дағдыны тоқтаусыз дамыта отырып, іс-әрекетке жауапкершілікпен қарауға бағытталды.
Лагерьде түрлі шараларға қатысып, белсенділігімен көзге түскен бірқатар кәсіподақ көшбасшыларына арнайы Алғыс хатты облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы Байназарова Райкүл Мансүрқызы табыстады. Білімімен, мықты көшбасшылық қасиеттерімен белсенділік танытқан Қызылорда қаласы №6 мектептің мұғалімі Абдірахым Мұхамедәлі «Лагерь жұлдызы» номинациясын иемденді.
Жас ұстаздар лагерде алған теориялық білімі мен тәжірибесін ұштастыра отырып, жаңа оқу жылында әр ұстаз өз шәкірттерінің жұлдызын жағады деп сенеміз.
Міне, жас кәсіподақ көшбасшылардың үш күндік жазғы лагері осылайша қорытындыланды. Шиелі ауданының мұғалімі Шертай Ерханның көңілге түйген өлеңі.
Арманның құлаш ұрған асқарына
Бармақта бақ қонып бір бастарына
Кәсіподақ көрсетті өз қолдауын
Сыр елінің мұғалім жастарына
Ұстаздың маздап үміт көзіндегі
Табылып ең керегі өмірдегі
Туған ел байтақ дала тебіреніп,
Ыбырайлар елімнің кеменгері
Рұқсат жоқ ұстазды ұмытуға
Ұстаз ол Әлімсақтан ұлы тұлға
Сол үшін Түлкібаста басын қосты
Ұстаздың мәртебесін танытуға
Болмасамда зор ақын дарынды ерен
Шамаша шырқадым бір жазып өлең
Ұстаздардың қорғаны боп көрінеді,
Кәсіподақ жас ұстаздар көзіменен
Бұл бастама талайды таң қылады
Мұғалімнің қалады жан құмары
Кәсіподақ осындай ұлы істермен
Артында өшпес мұра қалдырады...
-
Фото
-