Қызыққа толы «Таң нұры» лагері
Оқушылар үшін ең қызықты мезгіл-жаз маусымы. Үш ай каникулда балалар алаңсыз асыр салып ойнап, бір жасап қалады. Тоғыз ай білім нәрімен сусындап, жазғы демалысқа шыққан оқушылар үшін қызықты жазғы демалыстың жөні бір бөлек. Себебі, «Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерге барамыз» демекші жаздың қуаныш пен қызыққа толы ұмытылмас естеліктері жазғы демалыс лагерінен бастау алады.
Биылғы оқу жылының жазғы демалысында Тұрмағамбет ауылының балаларының үлкен тосын сыйға қарық болды. Себебі, №29 орта мектептің білім қызметкерлерінің әлеуметтік қамқорлықты қажет ететін отбасы балалары, яғни 14 оқушыны білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің 50% жеңілдігімен және Тұрмағамбет ЖШС директоры Н.Пірмантаев, Тұрмағамбет даму қоры, Алматы қаласындағы қызмет жасап жатқан мектептің түлектері, 1986 жылғы мектеп түлегі Мырзатаев Аслан және кәсіпкер Б.Ешмұратов демеушілік жасау арқасында 10-20 маусым аралығында Түркістан облысы, Түлкібас ауданында орналасқан «Таң нұры» лагерінде демалып келді.
Лагерге барған күні лагердің әдістемелік ұйымдастырушылары Жанар, Фарида апайлар үлкен ашық алаңда Қызылорда облысының әр аудандарынан келген 135 оқушыны жақсы көңіл-күймен қарсы алды. Лагерь ережелерімен және іс-шара жоспарларымен таныстырды. Көздің жауын алатындай көркіне көз тоймайтын табиғаты тамаша «Таң нұры» лагерінің алғашқы күні лагердің ашылу салтанаты болды. Балалар өте көңілді көңіл-күймен өздерінің топтарын жоба арқылы таныстырып қорғады. Лагерде оқушылардың есінде қалатындай іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтар болсам, шығармашылық байқаулар, спорттық сайыстың түрлерінен сайыстар, шебер қолды балалардың қолөнер көрмесі, түрлі тақырыпта суреттер көрмесі, әсіресе жолға сурет салу арқылы оқушылардың таланттарын дамыту мақсатында түрлі іс-шаралар өтілді. Әлбетте, жүзден жүйрік шыққандар жүлдесіз қалмады. Осы іс-шаралар кезінде де біздің Т.Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебінің оқушылары жүлделерге, марапаттауларға ие болды. Сонымен бірге, тіл үйірер тәтті дәрумендерімен толықтырылған бес мезгіл ас мәзірі балалар көңілінен шықты.
Бұдан бөлек балалар тауға және Ақсу -Жабағылы қорығы мұражайына экскурсия жасап, таным-түйсіктерін тереңдетті. Ал хайуанаттар бағына барғанда балалардың көңілдері тіптен көтеріліп, арқа-жарқа болды. Аң құстардың түрлерімен танысып, қай жерде, қай мекен еткендерін өздері естіп, біліп қайтты. Лагерь соңында алау жағылып, балалар қимастықпен қоштасты. Балаларға осындай бақытты сәттерді сыйлағаны үшін лагерь басшысы Т.Калмурзаева бастаған лагерь қызметкерлеріне және облыстық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Р.Байназарова мен аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Ж.Молдабаеваға, асқар таудай ағаларымыз Тұрмағамбет ЖШС директоры Н.Пірмантаевқа, Тұрмағамбет даму қорына, Алматы қаласындағы қызмет жасап жатқан мектеп түлектеріне, кәсіпкер Б.Ешмұратов ағаларымызға және Т.Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебін басқарып отырған З.Тасымоваға осы сәби көңіл балалардың атынан мың алғыс білдіремін.
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы,Т.Ізтілеуов атындағы
№29 қазақ орта мектебініңағылшын тілі пәнінің мұғалімі,
бастауыш кәсіподақкомитетінің төрайымы Қисықова Жазира
-
Фото
-