ТАСПИХОВТЫ ҚОЛДАУШЫЛАР Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫНДА БОЛДЫ
Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданында білім саласының 70-тен аса өкілдерінің бас қосуымен еліміздегі ең үлкен қоғамдық ұйым – Кәсіподақтар федерациясы ұсынған кандидат А.Таспиховты қолдауға арналған кездесу өтті. Іс шарада А.Таспиховтың сенімді өкілдері Ерұлан Мағзымбеков пен Айнұр Баймұратова, Тимур Оразбаевтар үміткердің тұғырнамасындағы көтерілген мәселелерді баяндап, сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды.
Алғашқы болып сөз алған Ерұлан Мағзымбеков алдағы сайлаудың саяси маңызына тоқталып, кандидаттың еңбек жолы мен адамгершілік тұлғасы туралы баяндап, сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды. Ол кандидаттың тұғырнамасында еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғауға қатысты мәселелерге басымдық берілгенін, әсіресе, жосықсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру, еңбек қауіпсіздігі, лайықты еңбекақы мен ұжымдық шарттың маңызы қарастырылғанын айтып, кәсіподақтардың ұстанып отырған бағыт-бағдары сайлаушылар тарапынан қолдау табатынына ниет білдірді.
Ал Айнұр Баймұратова болса кандидат тұғырнамасының бүгінгідей нарықтық экономика дамыған дәуірде өзекті екенін екшеп, еңбек адамының құқы мен мүддесін қорғау тұрғысындағы мәселелерге орай ойларын ортаға салды, олардың еңбек қоғамы мен еңбек адамы үшін қаншалықты маңызды екенін айтты.
Кандидаттың тұғырнамасымен таныстырып өткен сенімді өкілдердің сөздерінен кейін жиын қатысушылары еңбек адамына деген қамқорлық әр уақытта басты назарда тұру керек деген пікірді қолдайтындарын айтып, жұмыссыздық, көпбалалы аналардың кәсібін қолдау, «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы турасында өздерінің пікірлерін білдірді.
Жоғары деңгейде өткен жиын соңында сенімді өкілдер қатысушыларға алғысын білдіріп, бірауыздан кандидат А.Таспиховты қолдауға шақырып, үгіт-насихат материалдарын таратты.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-