Талдықорғанда оқушыларға сауықтыру орталығына жолдама берілді
Жуырда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Үкімет басшысы каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және іспен шұғылдануын тиісті деңгейде ұйымдастыру шараларын дереу қабылдауды және сауықтыру орталықтарының санын мыңға жеткізуді тапсырған болатын. Осы бастамаға Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы және аудандық, қалалық филиалдары қаржылай қолдау білдіріп, биылғы жылы жалпы 270 кәсіподақ мүшелерінің балаларын Текелі қаласындағы «Алтын Шажа», Сарқан ауданындағы «Күншуақ», Панфилов ауданындағы «Қарлығаш», Көксу ауданындағы «Қарлығаш» Алакөл ауданындағы «Шағала» сияқты балалар лагерлеріне демалтады. 1 маусым - Балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастырған салтанатты жиынында қоғамдық бірлестіктің басшысы Садық Әбдіқадыров жеткіншектерді мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдіріп, шараның мақсатымен таныстырды. Аталған шара барысында 120-ға жуық оқушы Панфилов ауданындағы «Көктал-Арасан» емдеу-сауықтыру орталығына жолдама алып, демалыс орнына шағын автобустармен аттанды. Кәсіподақ мүшелерінің балалары сауықтыру кешенінде 10 күн бойы демалып қана қоймай, спортпен шұғылданып, денсаулықтарын нығайтып, тынығуына, қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік алды. Облыс көлемінде өтілген шара енді аудандық, қалалық деңгейде жалғасын табады.
Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері
кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-