НАСИХАТ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының аппарат қызметкерлері, аудандық филиал төрағалары мен құқықтық еңбек инспекторларының қатысуымен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына кәсіподақтардан кандидат Амангелді Таспиховтың сенімді өкілдерімен кездесу өтті.
Үгіт-насихат шарасы барысында үміткер А.Таспиховтың сенімді өкілдері сөз алып, сайлауалды тұғырнамасының ерекшелігіне тоқталып, көпшілікке таныстырды. Атап айтқанда, аймақтық штабтың жетекшісі Мейрамбек Төлепберген кандидат А.Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасында көтерілген мәселелерге егжей-тегжейлі тоқтап өтті және сенімді мүшелердің белсенді жұмысы үшін алғыс білдірді.
- Аймақтағы ең үлкен сала – білім саласының қызметкерлері ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасын және үгіт-насихат материалдарын таныстырып, таратуда белсенділікпен қызмет атқарып келеді, барлық жағынан қолдау көрсетуде. Беделді педагогтар мен кәсіподақ мүшелері аудандық насихат топтарына да жетекшілік етуде. ҚР Кәсіподақтар федерациясы ұсынған кандидаттың платформасы қоғам мен уақыт талабына үндес. Сондықтан да, кәсіподақтардың беделін көтеру үшін де кәсіподақтардың ауызбірлігі қажет, - деді Мейрамбек Мылтықбайұлы.
Өз кезегінде Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков өз әріптестерінің бұл сайлаудың қоғамдық-саяси мәнін терең түсінетінін, кәсіподақ мүшелерінің мақсат-мүддесі үміткердің тұғырнамасымен үндес екендігін жеткізіп, шара қатысушыларын алдағы сайлауға қатысып, өз дауыстарын федерация ұсынған кандидатқа беруге шақырды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-