Алматы облысында семинар-кеңес өтті
Бүгін Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы «Кәсіподақтардың қаржы қызметінің заңнамалық базасы» атты тақырыпта бақылау-тексеру комиссиясының төрағаларына семинар-кеңес ұйымдастырды.
Аталған шараға облыстық білім басқармасының экономика және қаржы, бухгалтерлік есеп және есеп беру бөлімінің басшысы Айгүл Маралбаева, аудандық, қалалық филиалдары және бастауыш кәсіподақ ұйымдарындағы бақылау-тексеру комиссиясының төрағалары қатысты.
Кәсіподақ жұмысын жандандыру, түскен жарнаның дұрыс жұмсау, қаржылық-шаруашылық жұмысын жүйелі жүзеге асыру мақсатында өткен шараны Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров ашып, бақылау-тексеру комиссиясының рөлі мен кәсіподақтағы маңыздылығы жайында айтып берді.
Жиын барысында облыстық білім басқармасының өкілі Айгүл Каркенқызы білім салаcындағы қызметкерлерге еңбекақы төлеу мәселесіне тоқталса, облыстық кәсіподақ ұйымының бас есепшісі Айгүл Арымбаева кәсіподақ мүшелерінен түскен жарнаның жұмсалуын қадағалаушы топтың міндеттерін түсіндірді.
Ал, Ескелді аудандық филиалының тексеру-комиссиясының төрағасы Роза Дүкенова 10 жылдың тәжірибесімен бөлісіп, кәсіподақ ұйымының қаржылық-шаруашылық қызметін тексеру және нәтижесін рәсімдеу тәртібін баяндап берді.
Шара соңында қоғамдық жұмысқа белсене араласып жүрген Роза Сағымбекқызы, Гүлжан Балденова, Алмагүл Дармышева сынды бірқатар кәсіподақ мүшелері марапатталды.
Алматы облыстық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-