Өнерпаз ұстаздар
Ұстаздар қауымына қоғамымызда қойылатын талап қашанда жоғары. Оларды орта мәйегі, зиялы қауымымыздың жарқын өкілдері ретінде қабылдаймыз
Соларға қарап, тұтас буын бой түзеп, өмір өнегесін бойларына жинайды. Өзгеге үлгі боларлық ауданымыздың ұстаздар қауымы өткен сенбіде көпшілікті өз өнерлерімен тәнті етіп, сегіз қырлы, бір сырлы азаматтар екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Биылғы Жастар жылының құрметіне арналған «Жастар көктемі-2019» Бұқар жырау аудандық кәсіподақ комитеті білім қызметкерлерінің арасында дәстүрлі көркемөнерпаздар байқауы өтті. Байқауға ауданымыздың 16-дан астам білім нысаны қатысып, бірнеше номинация бойынша бақ сынасты.
Дәстүрлі байқау биылғы жылы да өзінің қалыптасқан салтынан жаңылмай ұжымдарды хор, вокал, аспапты ансамбль, хореография номинациялары бойынша жұмысын жалғастырып, ұжымдардың сахналық мәдениетіне, костюміне, дайындығына жіті мән берді. Байқаудың әділ де жоғары дәрежеде өтуіне өзіндік үлестерін қосқан қазылар қауымы да өз ісінің білікті мамандарынан жасақталды. Төрайымы ретінде аудандық мұғалімдер кәсіподағы ұйымының төрайымы Эльвира Хамитова, мүшелері - аудандық білім бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Айдар Оспанов, аудандық әдістемелік кабинеттің әдіскерлері Айгерім Саян, Амангүл Дүйсенхан, Ғ.Мұстафин кенті балалар саз мектебінің фортепиано класының мұғалімі Инна Сухова, Доскей ауылы балалар саз мектебінің вокал класының мұғалімі Қанат Мерсалимов, Ботақара кенті қосымша білім беру «Руханият» орталығының домбыра сынып мұғалімі Жазираш Бимарденова және осы орталықтың ән-домбыра сынып мұғалімі Ардақ Жұманов бекітілді. Қатысушыларды орындаушылық шеберлігі мен артистизм, өнер көрсету кезінде өздерін ұстау мәдениеті, репертуар таңдау кезіндегі тапқырлықтары, тақырыптың ашылуы және регламентті сақтауы бағалау барысында ескеріліп отырды.
Ауданымыздың түкпір-түкпіріндегі ұстаздар қауымының басын қосқан өнер мерекесі жастардың жалынды биімен басталса, өнегелі іске Эльвира Хамитова, Айдар Оспанов ақжарма лебіздерін білдірді. Ақ жол тілеген басшылардың бірі барша қатысушыларға сәттілік тілеп, аудан абыройын облыстық додада кіл үздіктер қорғасын десе, енді бірі осынау бағдарламаларды дайындау барысында өздерінің күнделікті жұмыс-отбасыларынан тыс уақыт тапқан жандарға деген шынайы алғысын жеткізді.
Расында, бүгінгі қауырт уақытта өздерінің кәсіби міндеттерімен қатар, рухани жағынан шыңдаған ұстаздардың қай-қайсысы да құрметке лайық. Оған қоса, әр сахналық нөмір шынайы жүректен шыққан соң, екінші жүректің төрінен орын алғандығы тіпті қуантты.
Алғаш болып хор номинациясында сахна шымылдығын ашқан «Руханият» өнер орталығын іле жалғаған ұжымдардың ешқайсысы дайындықтарында осалдық танытпады. Арнайы ойластырылған киім үлгілерінен бастап, сахнаға кіру-шығуға дейін өнерпаздар қауымының есінен шықпаған. Березняк орта мектебі ұжымы музыкалық өнері , репертуары көпшілікті таң қалдырса , Сарытөбе негізгі мектебінің ұжымы орындаған поппурийлерімен есте қалды.
Елтай орта мектебінің «Көктем вальсын» орындаған ұстаздар қауымы дайындық уақыты бірнеше айларға созылып, осы күнге жіті дайындықпен келгендіктерін айтады. Арнайы қазақи желетке тіктіріп, сахнаның көркіне айналған көкпектілік ұстаздар ұжымы да әріптестер қошеметіне бөленді.
Әр ұжым төрт сахналық нөмірден көрсеткен өнер кеші көзді ашып-жұмғанша зымырап өте шықты. Тыңғылықты дайындықтарымен келген ұжымдарды бағалау әділқазылар қауымына оңай түспеді. Соған қарамастан, облыстық деңгейдегі сайысқа кіл мықтылар іріктеліп, жолдама да табысталды.
Қазылардың ұйғарымы бойынша Көкпекті орта мектебі үшінші орынмен, Токаревка орта мектебі екінші орынмен, №1 қазақ тірек мектебі бірінші орынмен марапатталса, бас жүлде Елтай орта мектебі мен Доскей ауылының балалар және жасөспірімдер музыка мектебіне бұйырды. Басқа қатысқан ұжымдар арнайы сертификатпен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Бұқар жырау аудандық комитетінің төрайымы: Э.К.Хамитова
-
Фото
-