Текеліде ІІ туристік слет өтті
Ағымдағы жылдың 11-12 мамыр күндері «Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігі Текелі қалалық филиалының ұйымдастыруымен білім мекемелері арасында ІІ туристік слет өтті.
Шараның мақсаты- қаладағы спорттық туризмді дамыту, ұстаздар арасында салауатты өмір салтын дәріптеу.
Жарысқа Текелі қаласына қарасты мектептерден 24 ұстаз қатысуға ниет білдіріп, 6 команда жасақталды.
Туристік слеттің ережесіне сәйкес жарыстың алғашқы күнінде қатысушылар табиғат аясында шатырларын тігіп, командалар өздерін таныстырып, туристік әндер шырқаса, аспазшылар сайысында шеберлер табиғи өнімдерден жеңіл, әрі тез дайындалатын тағамдар жасады.
Келесі күні 3 ұл, 1 қыздан құралған командалар қашықтыққа жүгіру, аспалы арқан арқылы өзен арнасын бағындыру, алғашқы медициналық көмек көрсету, жартасқа өрмелеу, жаралы адамды тасымалдау сынды номинацияларда бақтарын сынап, өзара мықтыларды анықтады.
Тағайындалған әділқазы алқаларының шешімі бойынша бағы мен бабы келісіп, І орынды №6 орта мектептен келген команда иеленді. ІІ, ІІІ орынды №5 және №7 орта мектептері жүлделі орындарды бөлісті.
Жеңімпаздарға Текелі қалалық филиалының кубоктары мен дипломдары табысталды.
АСАН ТҰРСЫНҒАЛИЕВ,
Текелі қалалық кәсіподақ филиалының төрағасы
-
Фото
-