Алакөл ауданының жастары қайырымдылық акциясын жасады
Жуырда «Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігі Алакөл аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Кәсіподақ - жастардың имиджі» тақырыбында кездесу өтті.
Аудан орталығындағы №2 орта мектепте өткен жиынға білім саласында жас мамандар мен кәсіподақ мүшелері қатысты.
Кездесудің мақсаты - білім беру мекемелеріндегі жастардың рөлі мен олардың мүмкіндіктерін және кәсіподақ ұйымымен қарым-қатынасын жақсарту, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, жас мамандардың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету.
Аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Кенжебек Алпысбаев жиынды өз сөзімен ашып, Жастар жылына құрылған жұмыс жоспарымен бөлісті. Кәсіподақ мүшелеріне арнап, жыл басынан бері түрлі форматта 48 шара ұйымдастырғанын, бұқаралық ақпарат құралдарына 49 мақала жариялағанын айтып өтті.
Сонымен қатар, кәсіподақ жұмысын жандандыру мақсатында семинарлар, спорттық шаралар жиі өтілетінін айтып, биылғы жылдың өзінде кәсіподақ мүшелерінің санын 76 өсіргенін жеткізді.
Кәсіподақ жанынан құрылған жастар Кеңесінің төрағасы Жанар Маусымбаева өткен жылы жастар Кеңесі құрылып, аз уақыт ішінде атқарған жұмысын баяндап, білім ордаларындағы жас мамандардың тәжірбие алмасуына жағдай жасалғанын тілге тиек етті.
Жас ұстаздар аудандық кәсіподақпен бірлесе отырып, кездесу барысында 15-тен астам әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналған концерттік бағдарламалар, сергіту ойындарын ұйымдастырды. Кездесу соңында азық-түлік салынған қорапшалар таратылды.
Келген қонақтарға алғыстарын айтып, ұйымдастырушылардың жұмысына сәттілік тіледі.
Алматы облыстық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподақ ұйымының
баспасөз қызметі
-
Фото
-