ЖАМБЫЛДЫҚ ҰСТАЗДАР САЯХАТҚА ШЫҚТЫ
Кең байтақ Қазақстанның оңтүстік аймағы тарихи орындарға бай, әрбір тасы мен тауы тарихқа толы киелі өлке екені көпшілікке аян. Осы орайда, Жамбыл облысының Талас ауданының ұстаздары мен педагог қызметкерлері оңтүстіктің киелі орындарына саяхат жасады.
Жастар жылы аясында білім беру қызметкерлері кәсіподағының аудандық комитетінің ұйымдастыруымен өткен туристік сапарға 50 кәсіподақ мүшесі қамтылып, тарихи орындарды аралап көру мүмкіндігіне ие болды.
- Біздің қызметіміздің бір қыры ол – мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыру. Осы ретте қазақтың ежелгі өркениет мәдениетімен, ертеден қазақ халқы тәу етіп, зиярат еткен құтты мекен – Түркістан тарихымен ұстаздарды таныстыру осы сапарымыздың басты мақсаты. Танымдық іс-шара барысында олар ер түріктің бесігі атанған қаланың қасиетті орындарында болып, тарихи жәдігерлермен танысты. Саяхат барысында Арыстан баб кешеніне, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне, тарихи археологиялық ескерткіштерде болған ұстаздар үлкен әсер алды, - дейді аудандық кәсіподақ төрағасы Мадиярбек Миралиев.
Таластықтар ең алдымен Домалақ ана мен Бәйдібек баба кесенелеріне ат басын тіреді. Кесене басындағы Бақытжан есімді шырақшы Бәйдібек бабаның, Қос ана, Домалақ аналардың өмір деректерімен таныстырып, артынан құран бағыштады. Зияратшылар одан кейін Арыстан баб пен Укаша ата кесенесін, Ахмет Яссауи кесенесіндегі тарихи орындармен танысты. Сол маңдағы жер асты мешітін, Шығыс моншасын, мұражайын және тағы басқа тарихи орындарға саяхат жасады.
Осындай дәстүрге айналған тарихи саяхатты ұйымдастырып, кәсіподақ мүшелерінің автокөліктен бастап жатын орын мен тамағына дейін тегін ұйымдастырған аудандық кәсіподақ комитетіне ұстаздардың алғысы шексіз.
Ерлан ӘЛІМБАЕВ,
Талас аудандық кәсіподақ комитетінің есепші-маманы
-
Фото
-